Ауа райының жайсыздығына байланысты егін жинау науқаны қиын өте жағдайда өтіп жатыр.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңіз білетіндей, 20 тамызда егін жинау науқанына кірістік. Жалпы, 25 тамыздан бастап бүкіл өңірлер бұл жұмысты бастап кеткен болатын. Егін жинау науқаны қиын жағдайда өтіп жатыр. Шындығын айту керек. Барлығы ауа-райы жағдайына байланысты. Себебі, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарын алар болсақ, ол өңірлерде 12-15 күн бойы жауын жауды. Күнара жаңбыр жауған кездер болды», - деді вице-министр.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, әйтсе де, егін жинау бағытында мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған.
«Біріншіден, жанар-жағармай 100 пайыз берілді. Кесте бойынша ай сайын тапсырылды. Техника дайын. Барлығы жөндеуден өткен. Шаруашылық басшылары жұмысты барынша жоғары деңгейде жүргізіп жатыр. Жалпы, ауа райы ашылса, 10-12 күннің ішінде егін жинау науқанын аяқтаймыз», - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, облыстар берген мәлімет бойынша қазіргі уақытта еліміздегі егін алқабының 12,4 млн гектары – 81,4 пайызы орылып қойған.