1 қаңтардан бастап Еуразия экономикалық одағы аясында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарына жаңа техникалық регламент енгізіледі, деп хабарлайды Еуразия экономикалық комиссиясы.
Еуразия экономикалық одағының 2017 жылы қабылданған «Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарына қойылатын талаптар» туралы техникалық регламенті күшіне енді.
Құжат өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, өрттің алдын алып, сөндіретін, дүние-мүлікті қорғайтын, адамдарды қызыл жалыннан құтқаратын арнайы тауарларға арналған. Техрегламент талаптарына жауап беретін өнімдер тізімі қосымшада көрсетілген.
Бұл негізінен өрт сөндіруші құралдар, өрт шкафтары, құлақтандырушылар, қысымды шланг, өрт сөндірушінің арнайы қорғаушы киімі, өрт сөндіруші жабдықтар және басқалар.
Техрегламент бірыңғай міндетті талаптарды, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарын сәйкестендіру ережелерін және бірыңғай одақ нарығындағы айналымын, негізгі ұғымдарын, одан бөлек сәйкестікті бағалау тәртібін белгілейді. Негізі бұл құралдарды тойтарыс берілетін қауіп-қатердің дәрежесіне қарай сертификаттау немесе декларациялау арқылы техникалық регламентке сәйкестігін бағалау керек.
«Еуразия экономикалық одағы аясындағы жаңа ғана күшіне енген техникалық регламент нарық қатысушылары үшін өте маңызды. Өйткені ол өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарын өндіру және қауіпсіз айналымға шығару талаптарын белгілейді, – деп атап өтті ЕАЭК техникалық регламент жөніндегі алқа мүшесі Виктор Назаренко. – 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдеріміздің экономикалық ынтымақтастығы жолындағы тағы бір кедергіден құтылдық деуге болады».