14 сәу, 2021 сағат 06:27

Джо Байден Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті

АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Ақ үйдің хабарлауынша, екі басшы аймақ және ғаламдық мәселелер, оның ішінде АҚШ пен Ресейдің қарулануды бақылауға алу және қауіпсіздік саласы бойынша стратегиялық тұрақтылықты қолдау ұмтылысын талқылаған. Қарулануды қысқарту туралы келісімнің мерзімін ұзарту мәселесі де сөз болған. 

Президент Байден АҚШ ұлттық мүддесін қорғау мақсатында кибершабуыл, сайлауға килігу сияқты Ресей тарабының әрекеттеріне нақты жауап беретінін айқын аңғартқан. 

Президент Байден АҚШ-тың Украина егемендігі мен территориялық тұтастығын бұрынғыша қолдай беретінін атап өткен. Ол аннексияланған Қырым мен Украинамен шекарада Ресей әскерінің көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, Мәскеуді жағдайды ушықтырмауға шақырған. 

Президент Байден АҚШ мүддесіне сәйкес, Ресеймен тұрақты әрі жоспарлы қарым-қатынас орнатқысы келетінін растап, алдағы айларда екі ел арасындағы ірі мәселелерді талқылау үшін үшінші бір мемлекетте кездесуді ұсынған. 

Владимир Путин мен Джо Байденнің телефонмен әңгімелескенін Кремль сайты да хабарлады. Онда әңгіменің Америка тарабының бастамасымен болғаны жазылған. Кремльдің жазуынша, екеуара әңгімеде Ресей-Америка қатынасының қазіргі ахуалы және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар маңызды мәселелер талқыланған. 

Ресей тарабы екі жақтың да ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін негізгі бағыттар бойынша диалогты жалғастыруға дайын екеніне назар аударады. Мәскеудің айтуынша, бұл тек Ресей мен АҚШ мүддесі ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастық үшін маңызды мәселе. 

Кремль хабарламасында Украина төңірегіндегі дағдарыс "ішкі мәселе" деп сипатталған. Әңгіме ауаны "Украина ішіндегі дағдарысқа" ұласқанда Владимир Путин саяси мәселені реттеудің "минскілік" әдісі туралы баяндаған.