Михаил Горбачев АҚШ президенті үлкен Джордж Бушпен бірге отыр.
Совет одағының соңғы басшысы Михаил Горбачевтың қайтыс болғаны жөнінде әлемнің көптеген саясаткері пікір білдірді. Бұқаралық ақпарат құралдары Горбачевтың портретін бас бетке іліп жатыр. Ал редакциялық бағандарда оған мадақ айтқандар көп, деп хабарлайды Азаттық.
АҚШ президенті Джо Байден Горбачевты "сирек кездесетін лидер", "жарқын болашақты көре алатын, сол үшін мансабын қатергі тігуге батылы жеткен адам" ретінде сипаттады. Оның осы "батылдығы арқасында әлем қауіпсіздеу бола түсті, миллиондаған адам еркіндікке қол жеткізді" деді ол.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш Михаил Горбачевты әлем тарихының бағытын өзгерткен адам деп атады. Оның сөзінше, Қырғи-қабақ соғысының аяқталуына Горбачевтей үлес қосқан адам жоқ.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Горбачевтың Қырғи-қабақ соғысты бейбітшілікке ұластырудағы тік мінездігі мен батылдығына әрдайым тамсанғанын айтты.
"Путиннің Украинадағы агрессиясы тұсында оның совет қоғамын ашық етуге деген талпынысы біз үшін әрдайым үлгі болмақ" деп жазды ол.
Франция президенті Эммануель Макронның сөзінше, Горбачевтың Еуропадағы бейбітшілікке ұмтылысы тарихты өзгертіп, ресейліктерге еркіндік жолын ашқан.
Ал неміс саясаткерлері Горбачевтың Берлин қабырғасын құлатудағы үлесін атап өтіп жатыр. "Шығыс блок елдеріндегі бейбіт революцияларды, соның ішінде біздегіні Горбачевсыз елестету мүмкін емес" деді бундестаг вице-президенті Катрин Гёринг-Эккардт.
"Горбачев бізге еркіндік берді. Ресей мен оның айналасындағы жүздеген миллион адамға, сондай-ақ Еуропаның жартысына еркіндік сыйлады. Осы еркіндікті, ұлы мүмкіндікті біз Ресейде қалай пайдаланғанымыз – біздің жауапкершілігіміз" деді ресейлік саясаткер, "Яблоко" партиясының негізін қалаушы, 1990 жылы РСФСР министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болған Григорий Явлинский.
Горбачевты әлемнің кез келген елінде құшақ жая қарсы алатын еді, бірақ ол сынаушылары көп Ресейде қалды дейді Явлинский.