10 нау, 2017 сағат 14:00

Дүйсенова: БЖЗҚ төңірегіндегі даудың азаматтардың зейнетақы жарналарына еш қатысы жоқ

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының төңірегіндегі қаржылық даудың азаматтардың зейнетақы жарналарына еш қатысы жоқ.  

Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры  төңірегіндегі дау-дамайға қатысты айтайын дегенім, Заңға сәйкес азаматтардың зейнетақы жинағына мемлекет тарабынан  толық кепілдік беріледі. Азаматтар зейнеткерлікке шыққанға дейін олардың қордағы жарналары мемлекет тарабынан инфляцияға байланысты өсіріліп отырады. Яғни, біз жыл сайынғы инфляция көлемінен  төмен емес  жинақталған зейнетақы қорымызды алуға тиіспіз. Егер жинақтаушы қордың дұрыс істемегендігінен, яки уақытында табыс ала алмағандығынан зейнетақы қорымыз кемитін болса, онда оны мемлекет толықтырып отырады. Ол біздің Заңымызда қарастырылған», - деді министр.

Осы ретте Тамара Дүйсенова Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз активі есебінде қаражатты жұмсағаны үшін тексеруге ұшырағандығын атап өтті.

«Шешімін сот шығарады. Бірақ, бұл мәселе біздің зейнетақы қорымыздағы қаражатқа еш қатысы жоқ. Біз оны екі жақтан бақылауда ұстап отырмыз. Ай сайын біз әрбір азаматтың еңбекақысынан қанша қаражат зейнетақы қорына кетіп жатқанын көріп отырмыз. Екіншіден, Ұлттық банк те бақылауда ұстайды», - деді ол.

Бұған дейін  ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті Бірыңғай жинақтаушы зайнетақы қоры (БЖЗҚ) «Бузгул Аурум» ЖШС облигацияларын сатып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған болатынбыз.

Айта кетейік, Еңбек министрі бүгін 2020 жылға қарай Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі құрылатындығын жеткізген еді. 

Мұнан бөлек, ол 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлікке шығатын әйелдердің зейнетақысы 2 есеге ұлғайтылатындығын мәлім етті.