10 қар, 2016 сағат 13:38

Дұрыс таңдау жолымен келеді

«Тәуелсіз еліміздің қалыптасуындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі» деген тақырыпқа арналған жиынды «Нұр Отан» партия­сы облыстық филиалы ұйымдастырып, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар өкілдері қатысты.

Шараны филиал төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов ашып, бүкілхалықтық деңгейде атап өтілетін Тәуелсіздігіміздің мән-маңы­зына кеңі­нен тоқталды. Ата-бабамыз ғасыр­лар бойғы армандап, қол жеткізе алмай кеткен егемен­дігіміздің ширек ғасыр бедерінде еліміз әлемге танылды. Осы кезең аралығында кең ауқымды саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарды.

Партия мүшелері ел Тәуелсіздігінің мерейтойын өңірде кеңінен атап өтудің іс-жоспарларын қарастырып, ерекше екпін түсіріп отыр. «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Фанис Литфуллиннің айтуынша, Қазақстан тұрғындары Елбасының көпвекторлы саясатын қызу қолдайды. Тарихымызға, тілімізге, дінімізге қатысты қуатты шешімдерді қуана қабылдап, шынайы тәуелсіздікті қамтамасыз ету жолында жұмыла еңбек етіп келеді. Ол халықаралық маңызға ие мемлекеттік актілердің біріне Семей ядролық полигонын жабу туралы Президент Жарлығын, «Невада-Семей» секілді тұңғыш қоғамдық қозғалыстың құрылуына жол ашқанын атады.

«ЗИКСТО» акционерлік қоғамының байырғы жұмысшысы Виталий Бакутин Н.Назарбаевтың Қызылжар өңіріне келген жұмыс сапары барысында кездесуден алған әсерімен бөліссе, «Радуга» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрағасы Максим Большедворов кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор қолдаудың нәтижесінде өз ұжымының еліміздегі ірі кәсіпорындардың біріне айналғанын тілге тиек етті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы