10 жел, 2019 сағат 09:31

Дүниежүзілік банк рейтингі: Қазақстан «Жемқорлықты бақылау» көрсеткішін жақсартты

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстан соңғы жылы «Жемқорлықты бақылау» индикаторы бойынша көрсеткіштерді екі рет жақсартқан. Бұл туралы елордада өткен V Жыл сайынғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемдегі көптеген мемлекетте жемқорлық экономиканың жақсы дамуына кедергі келтіріп ең бастысы, азаматтардың құқықтары мен әл-ауқатына тосқауыл болып, мемлекеттік институтқа деген сенімді жоғалтады. Түбегейлі және келісімге келусіз жемқорлықпен күрес бастамасын Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастап, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келеді. ҚР Президенті халыққа Жолдауында жемқорлықпен жүйелі түрде күресу керектігін бірнеше рет айтып өткен», - дейді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның Жемқорлыққа қарсы конвенциясының толық құқылы мүшесі.

«Бізде отандық және халықаралық тәжірибеге негізделген заңнамалық база жасалды. Халықтың әл-ауқатын көтеруді мақсат ете отырып, қоғамды жемқорлықтан азат қылатын дамудың жаңа моделін анықтаймыз. Осы мақсатта мемлекеттік қызметте ауқымды реформа болып, инновациялық дамуға негізделген кәсіби мемлекеттік аппарат құрылуда. Бизнес пен инвестицияны қорғайтын нәтижелі механизм құрылып, қоғамдық бақылау кеңістігі ұлғаюда. Мемлекеттік қызмет саласында цифрлық технологияларды қолдану тұрмыстық жемқорлықты азайтады деп ойлаймыз. Жалпы алғанда, Қазақстанның жемқорлықпен күресу саясатын халықаралық сарапшылар тарапынан да, әлемдік рейтингте де жоғары бағалануда. Мысалы, Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстан соңғы жылы «Жемқорлықты бақылау» индикаторы бойынша көрсеткіштерді екі рет жақсартқан», - дейді ол.

Конференцияға 10 елден 20-дан астам спикер қатысты. Олардың ішінде Францияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің басшысы Шарль Дюшен, Молдованың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросының экс-президенті Анатолий Дончу, Украинаның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы директорының орынбасары Анатолий Новак және тағы басқалары бар.