30 қаң, 2025 сағат 14:39

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: «Қандастардың ел экономикасына игі ықпалы ұшан-теңіз»

Фото: egemen.kz


Ресми санақ мәліметі бойынша, 1991 жылдан бергі 34 жылда 1 миллион 200 мыңдай ағайынымыз елге оралыпты. Бүгінде еліміздегі қазақ халқының үлесі 70 пайыздан асқан болса, оған, әрине, шеттен келген ағайынның өз басы ғана емес, елге келіп өмірге көптеп ұрпақ әкелуі де өз септігін тигізгені анық. Сонымен қатар, сырттан келген әр қазақ бір кәсіпті бастап, еліміздің экономикасына да айтарлықтай үлес қосып отырғаны белгілі. Осы орайда Ult.kz тілшісі Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлымен әңгімелесті.

 

Шетелде 6 миллион қазақ бар

 

Негізі біздің қазіргі территориямызда, кем дегенде, 70–100 миллион халық өмір сүруі керек. Біздің жан санымыз 70–100 миллион демей-ақ қояйын, 50 миллионға жетсе, сонда ғана тәуелсіздіктің, мемлекеттің тағдырына алаңдамай күн кешуге болады, сонда ғана алыс-жақындағы алпауыттар жерімізге қарап сілекейін шұбыртқанын қояды. Қазақ көшінің өзектілігі, мәні мен маңызы, міне, осындаАл «шетелден келген қазақ ретінде көші-қон істеріне көңіліңіз тола мадеген сұрағыңызға келсем, өкінішке қарай, «көңілім толады» деп айта алмаймын. Өйткені тәуелсіздігімізді жаңа ғана жариялап, экономикамыз мүлде тұралап, жаңа туған нәрестедей көзімізді енді ашып, «шықпа жаным, шықпалап» отырған жылдардың өзінде қазақ көшінің қарқыны сұрапыл болып еді. Оның үстіне елге оралған ағайынның бәріне жаппай жағдай жасалғаны белгілі. Қалаға келгендер баспанамен, ауылға келгендер малмен, жермен қамтамасыз етілді. Еліміздің қазіргі әлеуеті мен экономикасы тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда жер мен көктей емес пе?! 

Шамамен қазақ баласының үштен бірі әлі де болса жат елде өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Яғни жер бетінде шамамен 18 миллион қазақ бар десек, соның 6 миллионы шетелдерде өмір сүріп жатыр. Олардың бір бөлігі ирредента, ал екінші бөлігі диаспора болып саналады. Ирредента деп өздерінің ежелгі атамекенінде тарихи өмір сүріп келе жатқан, бірақ біртұтас ұлттан ата қонысымен бірге бөлініп қалған бөлігін айтады. Тарихтан белгілі болғандай, қазақтардың бірқатар жері шекаралардың өзгеруі, отаршыл басқыншылық сияқты оқиғалардың салдарынан өзге елдердің құрамына еніп кеткені белгілі. Ал диаспора – бір ұлт өкілдерінің өз елінен екінші бір елге ерікті-еріксіз қоныс аударып, өзге халықпен бірге тұруы.Осы тұрғыдан келгенде Қытайдағы, Ресейдегі, Өзбекстандағы, Моңғолиядағы қандастарымыз тұтастай ирредента болып саналады. Оның үстіне шетелдегі қандастарымыздың шамамен 90 пайыздан астамы осы аталған төрт мемлекетте өмір сүріп отыр. Қалғандары Түркия, Иран және Еуропа елдерінде тіршілік етіп жатқан қазақ диаспораларыАл енді шетелдегі ағайындардың көші-қон мәселесіне келетін болсақ, Қазақстанға бұған дейін көшіп келгендердің басым бөлігін сол ирреденталар құрап отыр. Бұдан былай да атамекенге көшкісі келетіндер, негізінен, сол ирреденталардың арасынан табылады. Ал Түркия, Иран және Еуропа елдеріндегі ағайындардың Отанға оралғысы келетіндері тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ келіп алды.

  

Құжаттандыруды жеңілдету керек

 

Дәл қазірдің өзінде шетелдерде өмір сүріп жатқан ағайындардың арасынан 1,5 миллион қандасымыз Отанға оралуға ниет білдіріп отырған көрінеді. Алайда біз осы ағайындарды елге шақырып әкеліп, бауырымызға басуға дайынбыз ба?! Мәселе осында. Оларды елге әкелеміз дейді екенбіз, ендеше, олардың өмір сүруіне ең қажетті, тіршіліктің ең қарапайым шарт-жағдайын жасап беруіміз керек. Ол қандай шарт-жағдай?


Бірінші, құжаттандыруды (ықтияр­хат, азаматтық) жеңілдету керек.


Екінші, біздің үкімет қандастар арасындағы қарапайым егінші-малшыларды өз қалауымен еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныстандырамыз десе, оларды егістік және жайылымдық жермен толықтай һәм тегін қамтамасыз етумен бірге, тағайындалған жәрдемақысын Қазақстан азаматтығын алуға өтініш-құжатын тапсырған күні бергені құп. Ал «үкімет белгілеген аймақтарға бармаймын, қалаған жеріме қоныстанып, өз жағдайымды өзім жасап, өз жанымды өзім бағамын» деушілерге жергілікті билік немесе құқық қорғау органдары қисынсыз қысастық жасамай, керісінше, құжатнама бойынша барынша жеңілдіктер жасауы керек.


Үшінші, зиялы қауым өкілдеріне, өнер, мәдениет қайраткерлеріне қала-қалашықтардан салынып жатқан «жалдамалы» немесе «ипотекалық» тұрғын үйлерден мүлде жеңілдетілген несиемен болса да баспана беруі керек.


Төртіншіден, зейнет жасындағы қандастардың еңбек өтіліне қарай лайық зейнетақы тағайындауы керек.


Бесіншіден, шетелдегі ағайынның мектеп бітірген балалары келсе, ЖОО-ға түсуіне жеңілдікпен квота бөлу, мектеп жасындағы балалары келсе, басы артық мың-сан құжат талап етпестен мектепке бірден қабылдауы керек. Міне, осы бес түрлі тармақ бойынша Үкімет кешенді бағдарлама дайындап іске кіріссе, сырттан келетін қазақ көші қайта жанданады деп толық сеніммен айтуға болады 


Қысқасы, замана беталысы, дәуір тынысы, маңайдағы геосаяси ахуал, еліміздің тағдыры мен болашағы – бізден жатпай-тұрмай демографиялық әлеуетімізді көтеруді талап етіп отыр.

 

Қандастардың ел экономикасына әсері

 

Қандастардың ел экономикасына әсері, игі ықпалы ұшан-теңіз. Кәсіпкерлерді айтпағанда, қол-аяғы қимылдап жұмыс істеп, жанын бағып жүрген ағайынның бәрі табысынан салық төлеп бюджет қоржынының бүйірін толтырып жатыр. Ал бұрынғы одақтас республикалардан келген ағайындар бұл жерде өздерін судағы балықтай сезінеді. Заң-зәкүн, тәртіп-талап, тіл-діл – бәрі бірдей. Соған байланысты олардың кәсіпкерлікпен шұғылдануы өте қолайлы екені айтпаса да түсінікті.


Моңғолиядан келген қандастарымыз кезінде КСРО қалаларында және Шығыс Еуропа елдерінде білім алғандықтан, олардың да алған білімі мен көрген-түйгені атамекенде кәсіпкерлікпен айланысуда көп ес қатты


Қытайдан келген қандастарымыз дамыған Қытай экономикасының арқасында, кейбірі ол жақтан дайын тауарлар тасымалдап, онысын Қазақстан және Орта Азия нарығында саудалап, кейбірі Қытайдан шағын өндіріс орындарын әкеліп ашып, тағы біреуі Қытайдан үйренген медициналық, аспаздық өнерін атамекенге әкеліп, өздері ғана емес, еліміздің көптеген азаматына жұмыс беріп отыр


Иран және Ауғанстаннан келген қандастар дәстүрлі қолөнерге арқа сүйей отырып, тері мен жүн нарығындағы экспорттық саланы негізгі нысана етті. Осылай кәсіпкерлік өміріміздің бір көрінісіне айналды. Қазір ресми статистикада екі миллион тұрғыны бар деп саналатын, іс жүзінде бес миллионға таяп қалатын Орта Азия елдері бойынша ең үлкен қала Алматыда 218 мыңнан астам қандасымыз тұрақты тіркеуде тұрады.Ал өзім жақсы білетін ірі бизнес өкілдерін атап айтатын болсам, Алматы қаласында Сабыржан Мұқаметханұлы дейтін Қытайдан келген азамат құрылыс компаниясын ашып, 500-дей адамға жұмыс беріп отыр. Оның өнімдері мен жұмысы қаланың индустриясына серпін беріп отыр.


Қытайдан келген бауырымыз Талғат Мамырұлының «Қазақ-қытай тіл колледжі» еліміздің білім саласында жұмыс істеп тұрғанына ширек ғасырдан асты. Колледж өз қабырғасында мыңдаған студентке білім берумен бірге, жүздеген азаматты жұмыспен қамтып отыр. «Келун-Казфарм» — Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндіруші ірі компаниялардың бірі. Зауыттың құрылысына Гонконгтің «Kelun international Development» компаниясы 7,5 миллиард теңге қаржы жұмсаған. Кәсіпорын халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Бес жыл бұрын ашылған өндіріс орны қазір ішкі нарықты отандық дәрі-дәрмекпен қамтып, өнімдерін Ресей мен Қырғызстанға да экспорттап отырБұл зауыттың арқасында 500-ге жуық азамат жұмыспен қамтылып отырғаны өз алдына, еліміздің дәрі-дәрмек экспорттауға кететін неше миллиондаған доллар қаржысы үнем болып отыр. Бұл компанияны құрып, жүргізіп отырған Мерей Сламұлы да Қытайдан келген бауырымыз. Қысқасы, «елге ел қосылса – құт» деген – осы

 

Әңгімелескен 

Ақбота Мұсабекқызы