ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев отандық банктер бәсекелестікке дайын екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Маған үнемі ресейлік ірі банктермен бәсекелестікке қатысты сұрақ қойып жатады. Бүгінде еншіліс банк түрінде барлық үш ірі институт (Сбербанк, ВТБ, Альфа банк) бізде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, филиал ретінде қытайлық банктер де қызмет көрсетуде», - деп тоқталды Е. Досаев.
Осы орайда ол қазақстандық банктердің бәсекеге қабілеттілігіне алаңдаудың себебі жоқ екенін атап өтті.
«Алдағы жылдың желтоқсан айынан бастап тікелей филиалын құратын бас институттың негізгі капиталы 20 млрд АҚШ долларын құрауы тиіс. Бұл өз кезегінде тек ірі институттардың кіруін ғана қамтамасыз етеді. Осы орайда біздің нарыққа олардың келуінен ешқандай проблеманы байқап тұрғаным жоқ. Керісінше, тікелей капиталмен және бірлескен капитал түріндегі 14 шетел банкінің жұмысы кезеңінде біздің банктік институттар өздерінің жұмыстарын белсенді етіп, тарифтерін төмендетті, сондай-ақ жаңа өнімдерді енгізді», - деп тоқталды Е. Досаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.