22 жел, 2021 сағат 16:11

Допты хоккей: «Ақжайық» көш басындағы команданы ұтты


Допты хоккейден жоғары лигакомандалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл оралдық клубтың жаңа маусымдағы «Жастар» стадионындағы беташар ойыны еді. 

Үшінші топта бұған дейін «Знамя-Удмуртия» 8 ойыннан кейін 20 ұпай жинап, көш бастаған еді. Ал 6 матч өткізген «Ақжайық» 9 ұпаймен төртінші орынға түсіп қалған болатын.

Бірінші таймда есеп 1:1 болған мезетте оралдық команданың сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов мергендік танытты – 2:1.

Екінші кезеңде М.Пахомов есепті 3:1-ге жеткізді. Сосын 12 метрлік айып добын дәл орындады – 4:1. Бұдан кейін қонақтар сапынан Дмитрий Салимов пен Владимир Федосеев есепті қысқартты – 3:4. Дегенмен М.Пахомов пенальтиден мүлт кеткен жоқ – 5:3. «Знамя-Удмуртиядан» Д.Салимов мергендігімен көзге түскенімен, М.Пахомовтан пас алған

«Ақжайық» құрамындағы тағы бір ресейлік Александр Слугин есепті қайта ұлғайтты – 6:4. Соңғы минутта М.Пахомов 12 метрліктен матчтың нүктесін қойды – 7:4.

Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.