АҚШ президенті Дональд Трамп ұлықтау рәсімі аяқталған соң дәстүрге сәйкес салтанатты түскі астың алдында Конгресс ғимаратында алғашқы жарлықтарға қол қойды. Президент құжаттарды бекітуге бірнеше қалам қолданып, оларды жақындарына естелік сый ретінде таратты.
Трамп үкіметінің жаңа мүшелерін тағайындау туралы жарлықтарға қол қойып, Сенаттың қарауына жіберді. Президент бекіткен құжаттардың ішінде Джеймс Мэттисті отставкаға шыққанына аз уақыт болса да, қайта қорғаныс министрі етіп тағайындауға рұқсат ететін заң да бар.
Трамптың алғашқы жарлықтарының бірі АҚШ-та Ұлттық патриотизм күнін енгізуге арналған.
20 қаңтарда Вашингтонда ұлықтау рәсімі өтіп, Дональд Трамп АҚШ-тың 45-президенті ретінде қызметіне кіріскен. Салтанатты шарада сөз сөйлеген Трамп "елдегі ескерусіз қалған" әлеуметтік топ өкілдеріне жәрдем беруге, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықаралық терроризммен күресті күшейтуге уәде берген.