28 шіл, 2016 сағат 10:38

Дизель отыны 115 теңгеге жоғарылайды деп күтілуде - Энергетика министрлігі

"Дизель отыны 115 теңгеге жоғарылайды деп күтілуде. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлім етті", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Біздің дизель отынының бағасы Ресейдегіден екі есе арзан. Біздің бағалар, қателеспесем, 1997 жылдан бері өзгермей келеді. Біздіңше, бұл жағдайды қолдан ұстап тұру дұрыс емес. Бұл отандық мұнай компанияларына да кері әсерін беруде. Олар жылдық қаржылық аxуалында теріс кіріспен аяқтауда. Мұнай саласының тұралап қалу қаупі бар. Бағаның көтерілуі қажет, себебі тамызда дизель отыны болмай қалуы мүмкін. Кейін қысқы мезгілде баға қайта төмендейді", - дейді ол. 

Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығында егін жинау науқанына жылдағыдай төмен бағамен егіншілерге 400 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінген. Оларға баға өзгермейді және жеңілдікпен есептегенде литріне 79 теңге шамасында болмақ. 

"Қазір Қазақстанда шамамен 200 мың тонна дизель отынының қоры бар. Осы айда 400 мың тоннасын қосымша өндіретін боламыз. 25 шілдедегі жағдай бойынша, біз 330 мың тонна шығарып үлгердік. Оның 97 пайызын тұтынушыларға жеткізілді. Демек, бүгінде дизель отыны үздіксіз нарыққа шығарылуда", - деді вице-министр.

Бұның алдында «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында мұнай-газ саласы бойынша тәуелсіз сарапшы Олжас Байділдаев мемлекет дизель отынының бағасын ұзақ уақыт тежеп, ұстап тұруға күш салды, бірақ, бәрібір нарық заңдылығына қарсы тұру мүмкін емес екендігін айтқан болатын. 

«Соңғы ақпараттарға сүйенсек, еліміздің кейбір өңірлерінде дизель отынының тапшылығы байқалады. Себебі түсінікті - ішкі нарықта дизель отынының долларлық балама бағасы тым төмен. Сәйкесінше, дизель отынын жеткізушілерге ішкі нарықта сату тиімсіз», - деді О. Байділдаев.