07 там, 2019 сағат 15:38

"Дипломмен ауылға": 10 жылда 60 мың адам көтерме жәрдемақы алған

ҚР ұлттық экономика вице-министрі осындай көрсеткішті атады.

"Білікті мамандарды ауылға тарту бойынша Елбасының арнайы он жыл бұрын берген тапсырмасына сәйкес "Дипломмен ауылға" жобасы іске асырылып жатыр. Осы жобаның негізгі мақсаты - әлеуметтік қолдау көрсету арқылы ауылдық жерлерде әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарын ынталандыру мен бекіту. Қатысушылар - денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласында жұмыс істейтін дипломы бар мамандар", - деді Ермек Алпысов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Вице-министрдің айтуынша, көтерме жәрдемақы көлемі 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Биылғы жылы - 252 мың 500 теңге. Он жылдың ішінде көтерме жәрдемақысын 60 мыңнан астам адам алған. Сонымен қоса, ауылға келген мамандарға баспана алуға жеңілдетілген несие беріліп келеді.