Диплом сатуға тиым салу білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Мұндай пікірді Целиноград ауданының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын тыңдап, онда ұстаз беделін арттыруға ықпал ететін тың бастамаларды естіп, тағы бір марқайып қалдық. Президент аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың «Жол картасын» әзірлеуі қажеттігін алға тартты.
Сонымен қатар Үкімет пен әкімдер дарынды балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керектігін ескертіп өтті. Жолдауда жоғары білімнің сапасы жайлы өзіміздің түлектерді жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отырғандығына тоқтала келіп, олардың санын қысқарту мәселесін қарау керектігін жеткізді.
Әсіресе, терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екенін баса айтты. Бұл тұрғыда осындай оқу орындарына тыйым салу арқылы білім беру сапасын арттыру қажеттігін айтты», - деді ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауына орай пікір білдіре келе.
Сонымен қатар, ол Жолдауда білім саласы жайлы өзекті бір мәселе – қаржыландырудың біркелкі болмауы және білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру, дербес қаржыландыру тәртібін енгізу, оқулық сапасы мен ұстаздар жалақысын арттыруға назар аударылуы халықтың көңілінен шыққанын айтты.
«Бұл Жолдаудағы білім саласына қатысты ең қажетті мәселе - оқулық сапасының төмендігі туралы болды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті екендігін айтты. Жолдаудағы ұстаздар қауымына қатысты қуанышты жаңалық мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен баланысты болды. Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырған болатын. Алдағы жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өсетіні ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастады.
Осылайша, Мемлекет басшысының Жолдауы білімнің өзекті мәселелерін қозғауымен көңілімізден шықты. Бұл жолғы Жолдау оқытудың өзекті мәселелерінің шешілуі мен ұстаз беделінің артуына ықпал етеріне кәміл сенеміз», - деп түйіндеді Сәдібек Түгел.