27 нау, 2025 сағат 16:51

«Дінімізге қайшы»: Алматы облысында ер адам бейіт басындағы құлпытастарды қиратып кеткен

Көлсай маңындағы Саты ауылында әсіредіншіл жігіт бейіт басындағы бірнеше құлпытасты сындырып тастаған. Бұл туралы журналист Диас Нұрақын Instagram-дағы ресми парақшасында айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

«Ауылда соқыр сенім кезіп жүр. Осы ауылдың бір жігіті «дінімізге қайшы» деген желеумен зиратты талқандап тастапты. Өлген адамдардың құлпытастарын қиратып, жан-жаққа лақтырып кеткен. Жақындарының қабірі қорланғанын көрген аядай ауыл тұрғындары ашулы.
Осындай әсіредіншілдердің кесірінен ел арасына іріткі түседі. Бір есерсоқ бүтін бір ауылдың береркесін қашырады. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Мұның бәрі тикток имамдардың, уағызшыл ұстаздардың кесірі. Бір ғана кітап оқып алған, көкірегі соқыр адамдар соларға сеніп, асыл дінімізді ластап бітті», – деп жазды Диас Нұрақын.