24 шіл, 2020 сағат 13:52

Діни басқарма ауруханаларға 255 өкпе аппаратын сыйлады

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы коронавирус пандемиясы кезінде халыққа қандай көмек көрсетілгенін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз ел басына күн туғанда асарлатып, жылу жинап, қайырымыдылықтан шет қалмаған халықпыз. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» қоры «Өмірге үміт сыйла» акциясын ұйымдастырып, жамағат пен демеушілер көмегімен 255 дана оттегі желдеткішін ел ауруханаларына жеткізіп берді. Оған қоса, Діни басқарманың мұрындық болуымен 200 мыңнан астам отбасыға азық-түлік, 42 мыңнан астам медициналық маскалар таратылды. Осы істі жүзеге асырған діни қызметкерлерге және оларға қолдау көрсеткен кәсіпкер азаматтарға Алла разы болсын, амалдары сауапты болсын дегім келеді», - деді Бас мүфти Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Сонымен бірге, елімізде ТЖ жарияланған сәттен бастап, имамдар мен діни ғалымдар әлеуметтік желілерде күніне үш рет уағыз айтып, халық сұрақтарына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.