Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваны марапатымен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik.
Роза Рымбаева Украинда 23-ші рет өтіп отырған жалпыұлттық бағдарлама аясында "Жыл адамы" титулын иеленген. Бұған дейін бұл марапат Тото Кутуньо, Патрисия Каас сынды мықты әншілерге табысталған.
"Қазақстаннан жақсы хабар келіп жатыр. Қазақтың ұлы әншісі - Роза Рымбаева апамызды марапатымен шын жүректен құттықтаймын. Бақытты баянды ғұмыр кешіңіз", - деп жазды Димаш Instagram парақшасында.
Еске сала кетсек, Димаш 22-23 наурыз күндері Мәскеудің Кремль сарайында екі рет жеке ән кешін өткізді. Әншіге қолдау көрсетіп, әндерін тыңдау үшін 56 елден фанаттары Ресейге ұшып барып, қос концерт те аншлагпен өтті.
Ал кеше Димаш Құдайберген "Центральное телевидение" бағдарламасына қатысып, француз әншісі Лара Фабианның сөзіне жазылған танымал ресейлік композитор Игорь Крутойдың "Мадемуазель Хайд" әнін тамылжыта орындады.