16 сәу, 2019 сағат 00:09

Димаш Ташкент жұртшылығын таң қалдырды (Видео)

Димаш Құдайбергеннің Өзбекстандағы фан-клубының Инстаграм парақшасында әншінің Ташкент төрінде өнер көрсеткен видеосы жарияланды.

Өзбекстанда Қазақстан жылының ашылу салтанатында Димаш Құдайберген әйгілі «Sos d'un terrien en detresse» әнін шырқады. Ол осы әнімен Қытайдағы «I am singer» байқауының шымылдығын ашып, ерек дауысымен көршілес елдің көрермені мен әлем жұртшылығын тәнті еткен еді.

Әншінің Өзбекстандағы фан-клубының Инстаграм парақшасындағы видеоға жанкүйерлер көптеп пікір қалдырып жатыр.


«Не деген керемет орындау! Көрермендер біздің сүйікті әншімізді керемет күтіп алды! Димашқа лайық әдемі сахна!», - деп жазады фанаттарының бірі.

Димаштың өнер көрсеткенін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бөлісіп, Инстаграм парақшасына «Сегіз қырлы Димаш Құдайберген! Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу салтанаты. Ташкент 2019» деген жазба қалдырды.

Шағын видеода Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев тамсана қол шапалақтап отырғанын көруге болады.

Еске сала кетсек, кеше Димаш Құдайбергеннің өзбекстандық фан клубы әншіні Ташкенттегі әуежайдан құшақ жая күтіп алған болатын.