Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген Лос-Анджелесте белгілі продюсер әрі композитор Уолтер Афанасьеффпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Димаш Инстаграмда жариялаған шағын видео-жазбасының астына: «Аты аңызға айналған продюсер әрі композитор @wafanasieff-тің үйінен эксклюзивті кадрлар. Бұл кісінің қарапайымдылығы мен даналығына тамсанамын. Үйге шақырғаныңызға рахмет! Видеодағы - мен өмір бойы армандап келетін «Грэмми» статуэткалары», - деп жазды.
Бұрынырақ әнші, рульде отырған Уолтер Афанасьефф көлігімен Димашты жеткізудің үлкен абырой екенін мойындаған видеосын бөліскен болатын. «Бұл мен үшін мәртебе, Қазақстан! Менің ең сүйікті әншім, вокалист Димаш менің машинамда отыр! Сене алар емеспін! Рахмет!», - деген продюсер өз эмоциясын жасыра алмады.
«Бүгін мен тамаша кісінің үйінде болдым. Ол «GRAMMY» жүлдесінің екі дүркін иегері. Майкл Джексон, Марайа Кэри, Уитни Хьюстон сынды ірі тұлғалармен жұмыс жасаған ұлы композитор және продюсер. Селин Дион орындаған «Титаник» телефильмінің саундтрегі «My heart will go on» əнін де дүниеге алып келген - осы Уолтер мырза. «Құбыжық пен сұлу», «Аладдин» (1992), «Жеке қорғаушы» (1992), «Сен ғана» (1994), «Геркулес», «Ойын» (1997), «Бөтен қарындас» (1999), «Үй күтуші ханым» (2002). Джеймс Бондтың «Өлімге берілген рұқсатнама» фильмдерінің əндерін жазған кісі. Қанша жерден тарихи жобаларда бой көрсетсе де, өте қарапайым, өте сыпайы. Алдағы уақытта қуантамыз», деп жазды Димаш Инстаграмдағы парақшасында.
Уолтер Афанасьефф «Грэмми» сыйлығын алғаш рет 1999 жылы «Жылдың үздік жазбасы» аталымында продюсер ретінде, екіншісін 2000 жылы «Жыл продюсері» аталымында алған.