Димаш Құдайберген «Тәуелсіздіктің 100 тұлғасы» жобасына кіреді. Бұл туралы бүгін елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«100 жаңа тұлға» жобасының Ассамблеяға тікелей қатысы бар. Міне, Димаш Құдайберген - біздің тәуелсіздігіміздің келбеті. Мен оған айттым, оның жасы 22-де, тәуелсіздігіміздің құрдасы десек те болады. Егер ол бұрын, тәуелсіздікке дейін дүниеге келгенде оны ешкім де Қытайға жбермес еді. Өздеріңіз де білесіздер ғой, біз Қытаймен қандай қырғи-қабақ болғанымызды», - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы сол кезеңде Қазақстанның бүкіл шығыс шекарасында жер астында көмілген танкілердің тұрғандығын еске салып өтті.
«Қытай тұрмақ бізді шетелге жіберді ме өзі? Жібергеннің өзінде арнайы қызметтің бірнеше адамы бірге болатын. Олар келген соң есеп беретін», - деді Елбасы.