10 сәу, 2024 сағат 11:29

Димаш Құдайберген су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімен кездесті


ҚР Халық әртісі, әнші Димаш Құдайберген су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктермен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, әнші қиын сәтте жерлестерінің жанына табылып, қайырымдылық қорына 15 миллион теңге қаржы аударды. 

"Бала кезден бастап тілеуімді тілеп, биікке қанат қағып, қалықтап жүрсін деген тілек тілеп жүрген жерлестерімнің қал-жағдайын білмей кете алмадым. Жаңалықтардан мемлекет тарапынан ауқымды сомада көмек беріліп жатыр дегенді оқып жатырмын. Ең бастысы, еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын", – деп тілек айтты әнші.  


Сондай-ақ өнер иесі жеке парақшасына видео жүктеп, өңір тұрғындарымен жүздесіп, орталықтарды аралады. 

“Бүгін Ақтөбеге келіп, судан зардап шеккен тұрғындарымен кездестім. Оларға қиындықты еңсеруде мықты болуға шақырып,күшіміз бірлікте екенін айттым. Сонымен қатар қалада ашылған гуманитарлық көмекті үйлестіру орталығына барып, волонтер жастармен кездесіп алғысымды білдірдім”, – деп жазды өнер иесі. 


Еске салайық, Димаш Құдайберген су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау білдіргенін жазған едік.