11 сәу, 2024 сағат 11:10

Димаш Құдайберген Құлсары тұрғындарына қолдау білдірді

Димаш Құдайберген Құлсары қаласына келіп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті.

Танымал әнші су тасқынынан зардап шеккен Құлсары тұрғындарына қолдау білдірді.

«Қиын-қыстау күндерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осылай бір-бірімізге көмек көрсетіп жүруге жазсын. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазіргі таңда бізге бірлік керек. Сабыр сақтау керек. Құдайдан үлкен үмітпен жақсылық тілейік», - деді Димаш Құдайберген. 


Әншінің қиындыққа тап болған жұрттың ортасына келіп, жанашырлық танытып жатқанына құлсарылықтар риза болып, алғысын айтты.

«Өзіңіз келіп, көрініп, қолдау білдіріп жатқаныңызға көп-көп рахмет», - деді ауыл тұрғындарының бірі.


Сондай-ақ, Димаш: «Мемлекет тарапынан жағдай жасалады деп жаңалықтардан оқып жатырмын, мен де президентіміз айтқан соң сіздермен бірге осыған сеніп отырмын. Бүгінгі күні осы жерге келуімізге осындай жағдай себеп болса, алдағы уақытта тек қуаныш себептерге келіп, қуанышты ұлғайта берейік», - деп, көпшілікті ертеңге үмітпен қарауға шақырды.

Табиғи апатпен тынбай күресіп жатқан сарбаздар және еріктілермен де жүздесіп, жұмыс барысымен танысты. Одан бөлек, бесінші ауданның ақ жаулықты аналары әзірлеген айттық дастарханнан дәм татты.