03 сәу, 2024 сағат 13:49

Депутаттар тарифтерді негізссіз көтеріп, супер пайда көріп отырған делдалдарды жою жөнінде арнайы нормаларды енгізді - Е.Жаңбыршин


Бүгін Парламенттің төменгі палатасында "Жылу энергетикасы және электр энергетикасы" туралы заң жобасының бірінші оқылымы өтті деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


"Соңғы жылдары жылу электр орталықтарында және жылу магистралдарында орын алған ірі апаттар бойынша жүргізілген талдаулар, апаттардың негізгі себептерінің бірі ретінде – жылу энергетикасы саласындағы құқықтық қатынастардың заң тұрғысынан өте әлсіз реттелгенін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда жылу энергетикасын реттеу негізінен электр энергетикасы туралы заң аясында қаралған", -деп отыр баяндамашы Еділ Жаңбыршин.

Жылу энергетикасын жүйелі түрде мемлекеттік және заңнамалық тұрғыдан реттеу үшін, Үкімет жылу энергетикасын жеке сала ретінде қарастырып, арнайы бөлек «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасын 2022 жылы әзірлеп, 2023 жылдың басында Мәжіліске енгізген.
Депутат Жаңбыршин заң жобасында келесідей төрт новеллалар бар екенін айтады:

"Бірінші. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін заң деңгейінде бекіту арқылы, жылу энергетикасын дамытуда жүйелі мемлекеттік саясат іске асырылады. Бұл ретте жылу энергиясын өндіру мен тасымалдау құзыреті Энергетика министрлігіне беріледі. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган жылу энергиясын тұтыну саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын болады.
Екінші. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау функциялары қайта қаралады. Энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық бақылау мен қадағалау Комитетінің құзыреті барынша күшейтіледі. 
Бүгінде Кәсіпкерлік Кодекстің қолданыстағы редакциясында мемлекеттік энергия қадағалау инспекторларының жылу электр орталықтарына және басқа да электр станцияларға баруы заңмен шектелген. Мысалы инспекторлар, алдыңғы жылы қандай да бір нысанда ірі апат орын алған болса немесе берілген нұсқамалар орындалмаса, тек сондай жағдайда ғана сол нысанға кіре алады. Яғни постфактум бойынша жұмыс істейді. Жылу энергетика субъектілеріне қатысты алдын алу және профилактика жұмыстары жүргізілмейді, ықтимал апаттардың себептерін анықтау жөніндегі жедел жұмыстар мүлдем іске асырылмайды.  
Үшінші. Жылу-энергетиканы дамытуды жоспарлаудың жаңа құралы енгізіледі. Атап айтқанда, әкімдіктерге аумақтардың мастер-жоспарларын әзірлеу жөніндегі құзырет заң жобасында бекітілген болатын. Алайда, қолданыстағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінде мастер-жоспарлау деген құжат қарастырылмаған және депутаттар тарапынан оның мазмұны мен қажеттілігіне қатысты көптеген сұрақтар туындады, әзірлеуші тарапынан тұщымды жауап ала алмадық. Осыған орай депутаттар бұл норманы жылумен жабыдықтауды дамыту схемасы қылып өзгертті.
Төртінші. Еліміздегі жылу энергетикасы саласының құрылымы айқындалады, жылумен жабдықтау және жылуды тұтыну субъектілерінің құқықтары мен міндеттері бекітіледі.
Сонымен қатар, заң жобасында энергетика нысандарында төтенше жағдайлар орын алған кезде, жылумен жабдықтау жүйелерін басқару, арнайы құрылатын бірыңғай жылу энергетикалық компанияға беріледі деген норма ұсынылып отыр. Бірақ, бұл компания қалай басқарылатыны, қалай жұмыс жасайтыны және оның қызметінің қалай тоқтатылатыны заң жобасында нақтыланбаған. Қазіргі уақытта депутаттар жұмыс тобында осы норманы мемлекеттік органдармен және сарапшылармен талқылап жатыр", -дейді депутат.

Негізгі заң жобасымен бірге екі ілеспе заң жобалары қарастырылуда. Біріншісі теңгерімдеуші нарық тетіктерін және электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны енгізу бөлігінде электр энергетикасы саласын реформалауға бағытталған толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы.

"Бұл тетіктер электр нарығында өткен жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істеп жатқаны баршамызға мәлім. Сонымен қатар, іс жүзінде кішігірім кемшіліктер анықталуда, олар – электр энергиясын сатып алудағы басымдық, мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамамен үйлесімділіктің болмауы. Энергетикалық компаниялар және сарапшылар өздерінің нақты ұсыныстарын бізге жолдауда. Олардың барлығы жұмыс тобында қаралады және екінші оқылымға дейін бұл ұсыныстар энергетикалық қоғамдастықпен және мемлекеттік органдармен талқыланады және жетілдіріледі. Қажет нормалар заң жобасына енгізілетін болады", -дейді Жаңбыршин. 

Сонымен қоса, энергетика нарығында тарифтерді негізссіз көтеріп және супер пайда көріп, энергетика саласына 1 тиын да инвестиция салмай делдалдық қызмет атқарып отырған энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды жою жөнінде  депутаттар арнайы нормаларды енгізген. Бұл түзетулер концептуалды болғандықтан Үкіметтің қорытындысына жіберілген.

Екінші ілеспе заң жобасы – Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне жылуэнергетика саласына қатысты жауапкершіліктер қарастыратын келесі толықтырулар мен өзгерістер енгізілді:
- жылуэнергетикалық орталықтарда және қазандықтарда бекітілген нормативтік отын қорын сақтамағаны үшін;
- әр түрлі субъектілердің заңсыз жылу жүйелеріне қосылғаны үшін;
- жылумен қамту субъектілерінің уақытында, дұрыс, толық емес ақпарат бергені үшін;
- жылумен қамту субъектілерінің жылу маусымына дайындық паспортын уақытында алмағаны үшін және басқалар.
Бүгінгі таңда мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, энергетикалық компаниялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің және сарапшылардың қатысуымен үш заң жобасы бойынша: таныстырылым, дөңгелек үстел және жұмыс тобының 12 отырысы өткізілді. 
Жалпы алғанда, депутаттардың 400-ден астам ұсыныстары қаралып, талқыланды.
Үш заң жобасы бойынша Мәжілістің барлық комитеттері оң қорытындыларын берді және заң жобасының тұжырымдамасын қолдап отыр.