29 сәу, 2017 сағат 12:08

Депутаттар сенбілікте не істеді (Фото)

Бүгін Парламенттің бір топ депутаттары сенбілікке шықты. Халық қалаулылары Астананың «VIP-аймағы» - ЭКСПО-2017 көрмесінің дәл жанында (Ұлы Дала мен Мәңгілік ел көшелерінің қиылысында) ағаш екті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таңғы сағат 9:00-де жиналған депуттар үшін шырша, қарағай, аюбадам (бузина), жиде, мамыргүл, тіпті емен ағашын да дайындап қойды. Жер алдын ала тырмаланып, ағашты отырғызатын шұңқырлар да қазылды. Сондықтан депутаттар үшін тек күрек алып, ағаштарды отырғызу ғана қалған еді. Сол жерде жүрген жұмысшылар топырақты да зеңбілмен жеткізіп тұрды. Халық қалаулылары болса, ағаш отырғызып қана қоймай, бейресми тұрғыда әңгімелесіп, өзара қалжыңдасып, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп те үлгерді.


«Біз жолдың бойында қоршаған ортаның жағымсыз факторларына төзімді ағаш түрлерін отырғызып жатырмыз. Ондай ағаштар ұзақ уақыт бойы сусыз тұра алады. Байқап қарасаңыз, бұл жерде көліктер көп жүреді, шаң-тозаң бар. Сол себепті төзімді ағаш пен бұталарды отырғызуға тырысамыз», - дейді Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин. Осы жолы спикер фото мен видео объективтерге өзі түсіп қана қоймай, журналистердің біреуін шақырып, отырғызған ағашын бірге суарды.  

Ал әйел депутаттар бөлек топтасып жүрді.

Өз ағаштарын отырғызып, фотоға түсіп жүрді. «1999 жылы Астанаға келгелі бері бірде-бір сенбіліктен қалған емеспін. Бір ретте қызметтік іс-сапармен кетіп қалғанда қатты алаңдадым, менсіз сенбілік өтпейтін сияқты. Міне, бүгін кезекті рет шығып, ағаш егіп отырмыз. Осы көшедегі ағаштардың барлығын мемлекеттік қызметкерлер отырғызды деуге болады», - дейді депутат Майра Айсина. Оның айтуынша, сенбіліктің басты артықшылығы - күнделікті жұмысты бір сәтке ұмытып, ұжымды басқа қырынан тануға мүмкіндік бар.   

Айта кетейік, бүгінгі сенбілікке Сенат мен Мәжіліс депутаттарынан бөлек, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр кеңсесі, «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты және басқа да бірқатар мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты. Ал ағаштар Астананың іргесіндегі бақтан жеткізілді.