03 нау, 2017 сағат 09:44

Жақсыбеков: Депутаттар министрді қызметінен босата алады

Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлгеннен кейін Парламенттің жаңа құрамы сайланса, Үкіметтің құрамы да жаңадан жасақталады. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков осы бір маңызды өзгеріс жайында айтып берді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Үкіметтің құрамын жасақтау барысында Премьер-Министр Мемлекет басшысының қарауына үміткерлердің тізімін ұсынады. Бірақ алдымен Парламентпен кеңесіп алады. Ал сыртқы істер және қорғаныс министрлерін Президенттің өзі тағайындайды. Конституциялық реформалар аясында маңызды бір норма бар. Оған сәйкес, Үкімет өз өкілеттіліктерін жаңадан сайланған Президенттің алдында емес, жаңадан сайланған Парламенттің алдында тапсырады», - дейді Жақсыбеков.

Оның айтуынша, Парламенттің әрбір палатасы белгілі бір министрдің жұмысына қанағаттанбаса, Президенттің атына үндеу жолдау арқылы оны жұмыстан шығара алады. Ондайда Мемлекет басшысы министрді қызметінен босатады.

Айта кетейік, қазіргі өзгерістер Парламенттің рөлін күшейтуді көздейді. Мәжіліс мүшелері Үкіметтің құрамын жасақтауға атсалысып, министрлер кабинетінің жұмысын бақылай алады.