ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясы Премьер-Министр Асқар Маминге құтқарушылардың жағдайын жақсарту туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фракция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда азаматтық қорғаныс қызметіне мән беріп, ондағы қызметкерлердің жалақысын көтеруді тапсырғанын еске салды және бірқатар ұсыным жасады.
«Беларусь Республикасының мысалымен мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қатардағы қызметкерлеріне қосымша жұмыс істеуіне заңдық құқық беру керек. Қазіргі уақытта Қазақстанда бұған тыйым салынған. Мемлекеттік өртке қарсы қызметке қабылдау мерзімін алты айдан үш аптаға дейін қысқартқан жөн. Сонымен бірге, көппәтерлі тұрғын үй, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар құрылысында жобалық-сметалық құжаттама жасауға өртке қарсы қызмет мамандарың қатысуын міндеттеу керек», - деді «Халық коммунистері» фракциясының мүшесі Магеррам Магеррамов Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен бірге, депутат өртке қарсы қызмет ғимараттары мен автопаркін, құрал-жабдықтарын кезең-кезеңімен жаңартуды және құтқарушылардың зейнет жасын төмендетуді ұсынды.
«Құтқару қызметінің зейнетке шығу жасын полиция мен мемлекеттік қызметшілер жасына сәйкес төмендету керек. Бүгінде құтқарушылар 63 жасқа дейін жұмыс істеуге міндетті. 60 жастағы су құтқарушысын көзге елестету қиын. Депутаттық сауалға заңмен белгіленген мерзімде жауап жолдауыңызды сұраймыз», - деді депутат.