04 мам, 2022 сағат 16:10

Депутаттар Конституцияда дау туғызған нормаға қатысты пікір білдірді

© Sputnik / Абзал Калиев

Мәжіліс депутаттары Конституцияда Нұрсұлтан Назарбаевтың "Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" деген мәртебесін қалдыруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еңбегіне құрметпен қарайтынын жеткізді. Бірақ оның мәртебесін Конституцияда көрсетілгенін қаламайды.

"Мен өзім Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қызметін жоғары бағалаймын. Әрине, ол көп нәрсе істеді. Бірақ Конституцияда белгілі бір тұлғаны ерекшелеп тұратын позициялардың болмағанын қаламаймын", - деді Қожахметов журналистерге берген сұхбатында.

Осы орайда депутат Конституциялық кеңеске енгізілген түзетулер бойынша Ата заңымызда "Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы" деген мәртебені алып тастау ұсынылғанын еске салды.

Демек, "Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" конституциялық заңның күші де жойылады. Алайда Назарбаевтың "Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" мәртебесін қалдыруға ұсыныс жасалды.

"Меніңше, Конституциялық кеңес те қоғамда сан алуан пікірлердің бар екенін біледі. Сондықтан халықтың пікірін ескеріп, шешім шығаруға тиіс. Конституциялық кеңес қарауға енгізілген заң жобасын өзгерте алады", - деп атап көрсетті комитет басшысы.

Мәжілісмен Ғазиз Құлахметов те Ата заңда бір адамның көрсетілгенін қалап отырған жоқ.

"Бұл жерде Елбасының тарихтағы рөлі дейді. Жалпы, мен өз басым Назарбаевтың, жалпы, қандай да бір адам атының заңда қалғанына қарсымын. Ол жаңашылдықтарды құптамаймын ", - деді Құлахметов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.