07 қыр, 2022 сағат 16:57

Депутаттар елордаға Астана атауын қайтаруды неге ұсынды - Мәжіліс төрағасының жауабы


Парламент депутаттары халық үніне құлақ асуды жөн көріп, Нұр-Сұлтан қаласына бұрынғы атауын қайтаруды ұсынды. Бұл туралы Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс кулуарында журналистер депутаттар елордаға неге Астана атауын қайтаруды ұсынғанын сұрады.

"Бірнеше жыл бұрын елорданың атауын өзгерткеннен бастап қоғамның ішінде пікірталас толастамады. Әлі күнге дейін жүріп жатыр. Халық арасында алуан түрлі пікір бар. Соның көбісі бұрынғы атауын қайтаруға қатысты. Сондықтан депутаттар "халық үніне құлақ асатын мемлекет" ретінде халықтың үніне құлақ асу қажет деген ұсыныспен осы мәселені көтерді. Енді алда қандай шешім болатынын күтейік", - деп жауап берді Қошанов.

2 қыркүйекте мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері елордаға Астана атауын қайтару туралы бастама көтерді.

Еске салсақ, 2019 жылы 23 наурызда Астана атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін, ел тізгінін қолға алған қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының атын мәңгі сақтау үшін елорда атауын өзгертуді ұсынған болатын. Бұл ұсынысты Парламент пен қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдаған еді.