Фото: Pexels.com
Бекболат Орынбеков өзінің депутаттық сауалында Жамбыл облысындағы жылу желілерінің тозуы және жаңа құрылыстарға электр қуатының жетіспейтіні туралы жария етті. Сенатордың айтуынша, Тараз қаласындағы жылу желісінің тозу деңгейі 63,8% және Шу қаласы бойынша 35% құрап, есесіне жылыту ысырабы мен шығын көлемі артуда, деп хабарлайды Ult.kz.
«Өзекті мәселелерді шешу мақсатында Тараз қаласында 38 шақырымды құрайтын магистралдық және ішкі кварталдық 16 жылу желілерін қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді. 2025 жылы республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін 23,8 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды», - деді сенатор Орынбеков.
Депутат сонымен қатар өңірдегі басым жобаларға Үкіметтің назарын аударды. Оның ішінде М-3 жылу магистралі мен Тараздағы «Мыңбұлақ» және «Самал» шағын аудандарының жылу желісін қайта жаңарту, сондай-ақ Тараз қаласында және Қордай ауданында электр қосалқы станциясын салу туралы айтылды. Оның пікірінше, бұл жобалар өңірдің әлеуметтік жағдайы мен сенімді энергиямен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауларында өңірдегі тозығы жеткен инфрақұрылымдық желілерін жаңғыртуды, оның ішінде жылу энергетикаға аса көңіл бөлу қажеттігін айтып келеді. Баяндалған басым ұсыныстар өңірдің энергетикалық және коммуналдық кешенін жаңғыртуға қосатын үлесін ескере отырып, 2025 жылы республикалық бюджеттен Жамбыл облысына аталған жобаларды іске асыруды бастауға 15 млрд.теңге бөлінуіне ықпал етуіңізді сұраймыз», - деді депутат.