Парламент Мәжілісі депутат Андрей Линниктің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Андрей Линниктің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі қаралды.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісовтің айтуынша, Линник Мәжілістен кету туралы өз еркімен өтініш берген.
"Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға Мәжіліс депутаты Андрей Линникті өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным енгізіп отыр", - деді Өтемісов.
Мәжіліс депутаттары ұсынымды бірауыздан қолдап дауыс берді.
Бұған дейін "Ақ жол" партиясының төрағасы, мәжілісмен Азат Перуашев Андрей Линниктің Парламенттен кететінін мәлімдеген еді. Айтуынша, әріптесі өз бизнесіне оралады.
Андрей Линник 1974 жылы Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келген.
Он жылдай жеке кәсіпкер болды. "Форпост – инвестиции и развитие" ЖШС бас директоры, "ASPARA MUNAY" ЖШС бас директоры қызметін атқарды.
2021 жылғы қаңтардан бастап – VII сайланған мәжіліс депутаты. Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы фракциясының мүшесі.
2021 жылы наурызда "Ұлттық конькишілер федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.
Мәжілістің ресми сайтында Андрей Линниктің сегіз баланы тәрбиелеп отырғаны айтылған.