15 нау, 2017 сағат 10:44

Депутат Хаменова бэби-бокс орнату идеясын қайта көтерді

Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова Қазақстанда бэби-бокс енгізу бастамасын қайта ұсынды, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалда Хаменова жаңа туған нәрестелердің қоқыс жәшігінен жиі табылып жатқанына үлкен алаңдаушылық білдірді.

«Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, 2016 жылы Қылмыстық кодекстің 119 бабы "баланы қауіпті жағдайларда қалдырып кету" фактісі бойынша ішкі істер органдары 15 іс қозғады. 2017 жылдың 3 айында 8 оқиға тіркелді. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар өсіп жатыр. Қыздар ұрпақ жалғастыруы тиіс. Қыздарымыздың тәрбие-өнегесі - болашақ буынның тағдыры», - деді ол Мәжілістің пленарлық отырысында.

Осы тұрғыда xалық қалаулысы оқу орындарында жас қыздардың руxани дамуына ден қою қажеттігін атап өтті.

«Кейбір елдерле "үміт бесігі" - бэби-бокс деген бар. Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және қоғамдық ұйымдарға күш біріктіретін уақыт жетті. Осындай "үміт бесіктері" көптеген батыс елдерінде медициналық мекемелердің жанында орнатылады. Осылайша, мыңдаған нәрестенің өміріне араша болды. Аталмыш бокстарды орнату орын алған жағдайды шеше алар еді», - деді ол.