02 қаз, 2019 сағат 12:01

Депутат Ахметбеков қарағандылық әйелді сандалтып қойған шенеуніктерді сынады

Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметшілердің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжілісмен, "Халық коммунистері" фракциясының өкілі Жамбыл Ахметбеков депутаттық сауалын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысына жолдады. Айтуынша, жуырда фракциядан жәрдем сұрап келген әйелдің басындағы жағдай өңірлердегі зейнетақы тағайындау орталықтарында ахуалдың мәз емес екенін көрсетіп отыр.

"Қарағанды облысының Шет ауданынан келген азамат өмір бойы "Қоңырат" шаруашылығында, яғни совхозында еңбек етсе де, зейнетке шығу кезінде еңбек өтілін дәлелдей алмай, ең төменгі 23 мың теңгемен зейнетке шыққан. Себебі, оның деректері архивте болмаған, еңбек кітапшасындағы жазбалар да ескерілмеген. Сонда қалай, кезіндегі шаруашылықтың салақ басшыларының кесірінен неліктен азаматтар зардап  шегуі тиіс?!", - де ашынды депутат мәжілістің жалпы отырысында.

Ахметбековтің сөзінше, егде жастағы әйелге зейнетақы тағайындау барысында қажетті заңдық көмек көрсетілмеген.

"Шет ауданында осы шаруашылықта еңбек еткен қаншама азамат осылайша заңды табысынан қағылып отыр. Кезінде бұл совхозда кемінде 500-1000, мүмкін одан да көп адам жұмыс істегенін ескерсек, оның салдарын елестетудің өзі қиын. Яғни, Қарағанды облысында осындай жағдайға тап келген қаншама азамат бар. Ал бүкіл республикамыз бойынша жағдай қандай деген орынды сұрақ туындайды", - деп алаңдады ол.

Осы тұста депутат зейнетақы төлеу орталықтарында істейтін мемлекеттік қызметшілердің жұмысын сынады. 

"Әлгі әйелдің сол жылдары совхозда еңбек еткенін көршілерінің бәрі біледі. Көбісі сол жерде күні бүгінге дейін тұрады. Көршілерінің куәлігіне жүгіну арқылы, ардагерлер ұйымдары арқылы, тіпті қажет болса, сот шешімі арқылы еңбек өтілін қалпына келтірудің заңды жолдарын айтып көмек жасамаған", - дейді Ахметбеков.

Депутаттардың пікірінше, мемлекеттік қызметшілер халыққа зейнетке шығудың заңды жолдарын түсіндіріп отыруы тиіс. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселені жіті назарда ұстауы керек. Себебі, зейнетақы тағайындау барысында қазақстандықтар заңды табысының бір бөлігінен қағылып, конституциялық құқығы тапталып жатыр. Мұндай жағдайға, әсіресе, құқықтық сауаты төмен, қарапайым еңбек адамдары тап болады.

"Осындайда бір шенеуніктің шалағай жұмысы бір отбасының тұрмыс-тіршілігіне, яғни қоғамдағы көптеген отбасының күнкөрісіне әсер етеді. Сондықтан қарағандылық әйелдің зейнетақысын есептеу кезінде кеткен қателіктерді тез жөндеу үшін қызметтік тексеріс жасап, тиісті шешім қабылдауыңызды сұраймыз. Әділдік орнайтынына сенгіміз келеді", - деді Ахметбеков.