15 қар, 2018 сағат 15:40

Денсаулық сақтау министрлігі ішімдікпен күресуге қосымша қаражат бөледі

Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеңсесінің басшысы Олег Честнов посткеңестік елдердегі алкогольмен күрес мәселесі туралы ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Посткеңестік елдерде алкогольды тұтыну деңгейі жоғары. Өйткені адамдар ретімен ішуді білмейді. Темекіге салынғандай, менің ойымша, ішімдікке тыйым салынбайды. «Құрғақ заңның» көмектесе алмайтыны белгілі. Себебі, ішімдік кей адамдардың дағдысына айналып кеткені өтірік емес. Дәрігерлер «ішпе, жеме, темекі тартпа» дейді. Ал халық арасында осыдан кейін дәрігерлерді тыйымы мен кеңесіне «аллергия» пайда болады. Ал біз «жесеңіздер жеңіздер, тек шама ескерілсе» дейміз. Майлы тамақ жегіңіз келе ме - көп емес, аздан тұтыныңыз. Пальма майынан қашықтау жүрген абзал. Ал көпшілік негізінен біздің ағзаны алкоголь құртатынын біле бермейді. Міне, сондықтан, алкогольды дұрыс тұтына білу - пайымды әрі компромисті ұстаным», - деді спикер Астанада өткен жиында.

Сарапшының айтуынша, бұл ретте градусы жоғары сусындардан байқау керек.

«Ең алдымен, халықпен жұмыс істеу керек. Әлбетте, тыйым да болуы тиіс. Адамдар ішімдікті тығырықтан шығар жол ретінде көрмеуі керек. Мысалы, біз жаңа жылда үстелге шампан қоямыз ғой. Біреу осылай сабыр сақтаса, екіншісі мереке басталмай тұрып, бір бөтелкені көтеріп үлгереді. Бір денсаулығымызға барлық жүкті арта алмаймыз. Сондықтан, әрбір адамның ішімдікті тұтынуда өз саясаты болуы керек», - деді Олег Честнов.

Бұған мысал ретінде Олег Честнов Аляска мен Чукотканы келтірді.

«Алясканы алып қарайық. Ресей жақтағы Чукоткада көп ауылдың тұрғындары ішіп кеткен. Ал Аляскаға барсаңыз, жергілікті билік алкогольға қатысты сауатты саясат жүргізіп отыр. Ол жерде ішімдіктен басқа барда кеш өткізу, теннис кортында сайыс ұйымдастыру секілді балама қызықтар жетерлік. Адамдарда таңдау болуы тиіс: ол ішкісі келе ме, әлде балалармен спорт залына баруды жөн көре ме? ДДСҰ бұл ретте елдерге көмектесуге дайын», - дейді ол.

Олег Честновтың айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл бағыттағы жұмысқа атсалысқалы отыр.

«Біз тұрақты түрде кездесетін министр Елжан Біртанов алкогольдың алдын алуға байланысты қаржы бөлінетінін айтты. Алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін ағарту жұмысын күшейту керек. Ол жұмыс мектептен басталуы тиіс. Бір жақсысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл жұмысқа араласып қана қоймай, көп істе бастамашы да болып отыр», - дейді Олег Честнов.