03 қыр, 2020 сағат 18:10

Денсаулық сақтау министрі Талдықорғандағы ауруханалардың құрылысын тексерді

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы облысының Талдықорған қаласына барып, Еркін ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты. Медициналық нысан бір ауысымда 100 азаматқа медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсете алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сондай-ақ министр модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылыс алаңына барған. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа 13 жұқпалы аурулар ауруханасын салуды тапсырды. Қазір өңірлерде әкімдіктер 12 модульдік инфекциялық аурухананың құрылысына және биыл қазан айында пайдалануға берілетін бір аурухананы қайта жаңартуға кірісті. Бұл жұмыс пандемияның ықтимал екінші толқынына дайындық аясында жүзеге асуда және халықты уақтылы, сапалы көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді А.Цой.

Денсаулық сақтау министрі COVID-орталығының жұмысымен де танысты, мұнда мамандар ауыр және өте ауыр жағдайдағы науқастарға кеңес береді, оларды емдеудің әдістерін қарастырады. Орталық биыл шілдеде ашылған. 

КВИ екінші толқынына дайындық ретінде Алматы облысындағы ауруханаларда өкпені жасанды желдетуге арналған 303 аппарат бар. 15 қыркүйекке қарай олардың саны 507-ге жетеді. Медициналық ұйымдарда 634 оттегі концентраторы бар. Жергілікті бюджет есебінен тағы 100 дана және демеушілік көмекпен 90 дана сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Медициналық ұйымдарға оттегі станциясын және 15 рентген аппаратын орнату үшін жергілікті бюджеттен қосымша 763 млн теңге бөлінеді. Медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек пен дезинфекциялық құралдардың қоры жеткілікті.

Өңірдегі инфекциялық және провизорлық стационарларда дене қызуын түсіретін – 215 150, вирусқа қарсы – 45 535 препарат, сондай-ақ 255 157 антибиотик бар.