01 ақп, 2021 сағат 11:22

Денсаулық министрлігі вакцина туралы қаңқу сөздерге жауап берді

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов өздері туралы әлеуметтік желідегі «Шын вакцина салмады» деген пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін сіздердің (БАҚ өкілдері – ред.) алдарыңызда осы қораптар мұздатқыштан шығарылды және ашылды. Флаконның қалай ашылғанына куә болдыңыздар. Мұнда бөтен адамдармен ешқандай манипуляция жасалмағанын көрдіңіздер. Барлығы қолданыстағы нұсқаулар шеңберінде жасалуда. Енді біздің вакцина алғанымыздың шын екенін тілшілер жеткізуі керек деп ойлаймын», - деп жауап берді Ерлан Қиясов №6 қалалық емханада тілшілерге берген сұхбатында. 

Еске сала кетсек, елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.

Бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.