04 нау, 2020 сағат 11:49

Дені сау адамдарға медициналық маска киюдің қажеті жоқ – маман

ҚР ДСМ «Дəрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» бас директоры Арнұр Нұртаев еліміздегі медициналық маска жетіспеушілігі мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өкінішке қарай, медициналық масканы барлық адам жаппай сатып алуға тырысуда. Ал әлем мамандары, АҚШ-тың басты эпидемиологы масканы тек жіті респираторлық вирус ауруын жұқтырғандар ғана киюі керектігін айтып жүр. Яғни, тұмау секілді ауа-тамшы жолымен жұғатын ауру белгілері байқалған адам вирусты таратпау үшін маска киюі қажет. Сау адамдардың маска киюі міндетті емес», - деді А. Нұртаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде. 

Оның айтуынша, медициналық масканың орнына гигиена талаптарын сақтаудың өзі жеткілікті. 

«Адамдар ортақ заттарды қолданып, өзгелермен амандасады да, сол қолмен маскасын ұстайды. Бұл вирус жұқтыру қаупін көбейте түседі. Маска киюдің орнына қолды жиі жуып, гигиена талаптарын сақтаудың өзі жеткілікті», - деді А. Нұртаев. 

Ақпан айының басында дәріханалар желісінде 9 млн дана маска болған және бұл көрсеткіш ай сайынғы азаматтарды респираторлық аурулардан қорғауға жететін. 

«Алайда, коронавирустық инфекция бойынша дүрлігу салдарынан халық медициналық маскаларды көптеп сатып ала бастады. Қазіргі уақытта дәріханаларда 1 млн дана бетперде қалды және сұраныс 30 млн данаға дейін өсті», - деді спикер. 

Оның айтуынша, отандық медициналық бетперде өндірушілер бір айда 6 млн-нан астам немесе күніне 180-200 мыңға жуық маска шығарады. Бұл бұйымдар ең алдымен мемлекеттік медициналық мекемелерге жіберіледі. 

«Мемлекеттік медициналық мекемелерді қамтамасыз ету үшін 7,5 млн астам маска сатып алдынды. Қазіргі уақытта барлық медициналық ұйымдарда, әсіресе тұмау сынды инфекция жұқтырған науқастармен жұмыс істейтін мамандар медициналық маскамен толық қамтылған», - деді А. Нұртаев. 

Сонымен бірге, ведомтсвоаралық комиссия отандық кәсіпорындар өндірген маскаларды ел аумағынан шығаруға тыйым салған. Бұл тыйым әлі де өз күшінде.