24 ақп, 2017 сағат 11:26

Дәурен Абаев: Жыл соңына дейін ұялы байланыс пен мобильді интернеттің сапасы артады

Жыл соңына дейін Қазақстанда ұялы байланыс сапасы мен мобильді интернеттің сапасы артады. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихаты барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Елімізде интернет жақсы дамыған, әсіресе, қалаларда. Бірақ, интернет үнемі жетіліп тұрады. Жекелеген мәселелер туындап тұрады, біз ол мәселелерді шешуді мықтап қолға аламыз. Яғни, қазір біз бүкіл Қазақстан бойынша радиожиілік стансаларын салып жатырмыз. Осы арқылы сандық телерадиотаратуға көшеміз де босаған жиіліктерді ұялы операторға береміз. Ұялы байланыс операторлары осы жиіліктердің арқасында ұялы байланыс пен интернеттің сапасын арттырады. Радиожиілік стансаларын салуға белгілі бір уақыт керек. Жыл соңына дейін, шамамен 200 радиожиілік стансасын орнатамыз, сол кезде ұялы байланыс пен мобильді интернеттің сапасы әлдеқайда артқанын байқайсыздар», - деді министр.

Дәурен Абаев сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ ұсынатын қызмет сапасына қатысты айтылып жатқан сын-пікірлерді де назардан тыс қалдырмайтынын айтты.