"ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Facebook желісінде телефондарды міндетті тіркеу туралы норманы түсіндірді", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Құрметті достар, ұялы телефондардың IMEI-кодтарын тіркеу бойынша бірқатар сұраққа жауап беріп, түсіндіргім келеді. Біріншіден, біз тіркеу процедурасын дайындауға кірісіп кеткен жұмыс тобын құрдық. Мамыр айының соңына дейін жасалып, азаматтарға жан-жақты түсіндіріледі. Екіншіден, біз тұрғылықты жер бойынша уақытша тіркеудің тәжірибесін есепке алдық, сондықтан процедура барынша жеңіл болады және ұзын-сонар кезек пен дүрлігу туғызбайды», — деп жазды министр.
Үшіншіден, министрдің айтуынша, IMEI-кодтар базасын жасаудың халықаралық тәжірибесі, мәселен Ұлыбритания, Түркия, Әзірбайжан тәжірибелерінің есепке алынады.
«Төртіншіден, жүйе іске қосылғанда телефон ұрлығын айтарлықтай азайтуы керек. Себебі тұрғын телефонының ұрланғанын полицияға хабарласа, оны құлыпқа түсіруге болады. Сонда телефон ұрлығының мақсаты болмай қалады. Бүгінде ІІМ мәліметінше, елімізде жыл сайын 60 мың шамасында телефон ұрланады, ал қайтарылу мүмкіндігі 5 пайыз ғана. Оның үстіне, көп жағдайда балалар жәбірленуші болып жатады. Енді оларды қылмыскерлердің құрбаны болуының алдын алуға мүмкіндік беретін құралымыз болады», — деп жазды министр.