Қазақстандағы қос билік жайлы дақпыртты талқылай берудің еш реті жоқ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстандағы екі билік» деген дақпырт басылды деп ойлаған едім. Бұл мәселені талқылай берудің қажеті жоқ. Бізде заңды түрде сайланған Президент бар. Оған Қазақстандағы халықтың 74 пайызы дауыс берді. Ал бұл дегеніңіз – біздің еліміздегі 6,5 млн адам деген сөз. Қазіргі таңда Конституциямен бекітілгендей Президентте толыққанды барлық құзірет бар. Азаматттардың орасан зор сенім мандаты, Елбасының қолдауы бар. Қос билік туралы дақпыртты талқылай берудің ретін көрмей тұрмын. Келісіп алу – тағайындау емес. Мемлекет басшысы тағайындайды. Сондықтан жоқ жерден әңгіме шығарудың қажеті жоқ», - деді Дәурен Абаев.
Еске сала кетсек, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының 2019 жылғы 9 қазандағы «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына түсініктеме берген болатын.