06 қар, 2016 сағат 08:23

Дәурен Абаев: Сөз бостандығы, пікір бостандығы Қазақстанда бар

Esquire Қазақстан журналына Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың сұхбаты жарияланды. Гүлнар Бажкенованың журналистер мен мемлекет, әлеуметтік желі мен жауапкершілік, ұлттық бренд пен Елбасының оқып тұратын блогерлері туралы министрмен әңгімесін «ҚазАқпарат» агенттігі де жариялаған екен.

- Сіз мен жұмыс істейтін салаға басшылық жасайсыз, ал біздің әріптестеріміздің жұмысы ешқашан оңай болған жоқ. Енді мінеки, жаңа түзетулер әзірледіңіздер. Айтыңызшы, біз үшін қандай да бір жақсы жаңалықтар бар ма?

- Жалпылама алғанда, біз журналист қызметін жеңілдеткіміз келеді. Сондықтан түзетулер ең бірінші кезекте сол журналистердің өздерінің мүддесі үшін әзірленген. Бұл үшін біз алып тастағымыз келетін дүниелер де көп, мәселен, соның бірі шенеуніктерге жолданатын сауалға газеттегі ең басты адамның қол қою қажеттілігі, бұған осы сауалды жолдауға уәкілетті кез-келген адам да жеткілікті. Осының өзі ақпарат алу үдерісіндегі жеделдікті тездететін еді. Бұл бір ғана мысал болғанымен, ондай дүниелер көп. Әйтсе де, жұрттың ойына біз ұсынған ақпаратты тексеру туралы міндеттілік орала береді. Бір жағынан ақпаратты тексеру - құқық емес, кез келген журналистің міндеті, әйтсе де дәл осы түзетуді халық ауыр қабылдайтын секілді. Дегенмен, бүкіл әлемде солай, журналист жазбасы деген де болады, жаңалықты естіді ме, журналист баспасөз хатшысына немесе басқа да құзіретті тұлғаларға кемінде екі-үш мәрте қоңырау шалып, оқиға орнына баруы керек. Факт-чекинг, яғни, қоңырау соғып мәліметтерді нақтылауы тиіс. Егер кәсіби журналист өзінің беретін ақпаратына мұқият болып, оны тексеріп, оқырман үшін оған өзінің «тұздығын» қоса қызықтырып, ұсынатын болса, әрине бұндай ақпарат жоғары бағаланады.

- Сіздің ведомство мониторинг жасап, журналистердің жаппай тексерілмеген, күмәнді ақпарат тарататынын анықтады ма?

- Шындығында, журналистердің тексерместен, нақтыланбаған ақпаратты алатыны туралы фактілер бар. Әсіресе әлеуметтік желінің қатардағы қарапайым пайдаланушыларынан тексерілмеген ақпарат алып, оны өздерінің ресурстарында жариялайды. Кейде кейбір БАҚ журналистері ақпараттың нақтылығын тексеруге еш мән бермейтін болғандай көрінеді. Бұл әсіресе аудитория тарту, берілетін ақпаратты коммерцияландыру үшін жасалатын секілді. Әрине, жалпылама алғанда бұндай қадамға қарсы емеспін, бүкіл әлемдегі бизнестің сипаты осы, алайда әр нәрсенің өз шегі бар. Біз ақпарат тұтынушылардың - қарапайым азаматтардың мүддесіне жұмыс істеуге тиіспіз.

- Іс жүзінде ақпараттық хаос әсерін бізде әлеуметтік желілер жасайды, Сіз оларға тәртіп орнатпақсыз, оларды реттеу мүмкін емес тәрізді.

- Біз қазіргі күні интернетті тұтастай реттеудің қолдан келмейтінін түсінеміз. Алайда қандай да бір ойын ережелері болуы керек.

- Интернетті реттеу туралы заң тұрғанда тағы қандай ойын ережесі қажет? Бірнеше жыл бұрын біз тіпті посттардағы комментарийлер үшін жауапкершілік енгіздік қой. Бұл үшін түрмеге де отырғызады. Енді ары қарай не болады?

- Уақыт бір орында тұрмайды, жаңа ұғымдар, жаңа технологиялар келіп жатыр. Шапшаң өзгеріп жатқан заманда біз өткен бір жылдары айтылған нәрсеге жүгінбеуіміз керек. Сондықтан да, бұл қалыпты заңнамалық процес. Заңнамалық үдеріс бір орында тұрмауы керек, тез өзгеріп жатқан заманда заңдарды жақсартып отыру - заман талабы.

- Менің мақаламның астына жазылған қандай да бір пікір үшін менен жауапкершілік талап ету - бұл жағдайды жақсарта ма?

- Мұндағы жауапкершілік туралы әңгіме нақты бір мақала турасында болып отыр. Мәселен, егер әлдекім ұлтаралық өшпенділікті қоздырса. Сөз бостандығы, пікір бостандығы - бұл жақсы, алайда ұлтаралық немесе дінаралық қақтығыстарды қоздырғаны үшін сол адам жауапкершілікке тартылуы керек, сол адам осы әрекетіне қарай жауап беретінін түсінуі керек.

- Журналистердің көзі ашық деп ойлаймын, олар араздықты қоздыратын мәселені біледі. Сонымен қатар, араздықты қоздыру, соғысқа шақыру секілді басқа да қорқынышты мәселелер үшін қылмысқа тартатын баптар бар, бұны бәрі жақсы біледі. Журналистерге қатысты міндеттейтін заң нормалары аз емес, жала жапқандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

- Журналистерге қатысты 1999 жылғы бір ғана заң бар емес пе.

- Иә, бірақ журналист қызметі басқа да заңдармен, мәселен ұлттық қауіпсіздік туралы заңмен де реттеледі.

- Заңдар Қазақстанның барлық азаматтарына арналады. Сіздің де және сіздің әріптестеріңіздің де біз әзірлеген заң жобасына қатысты сұрақтар бар шығар. Мен сол үшін сізді жұмыс тобына шақырамын. Біз ол заң жобасын жариялап, жалпылама бұқаралық талқылауға шығардық. Заң жобасымен жұмыс тобына 60-тан астам адам шақырылды, олардың арасында журналистер қауымдастығының өкілдері де, сарапшылар да бар. Мен осы заң жобасы бойынша кез келген түзетулерді талқылауға қатысатындардың барлығын да тыңдауға дайынмын. Сонымен қатар, біз ұсынған нормалар - дәлелсіз, қатып қалған қағида емес, жұмыс тобының барлық мүшелері оларды қайта қарай алады. Сонда сіз журналистер қауымдастығында ешқандай да шектеулер болмауы керек деп санайсыз ба?

- Біздің батыстағы әріптестеріміз тура солай, сіз дәл қазір бізге мысалға келтіргендей жұмыс істейді. АҚШ-та баспасөздің теңдессіз қорғалғанын білетін боларсыз? АҚШ-та сіздің әріптестеріңіз - министрлер өздері туралы жазғаны үшін БАҚ-ты сотқа бере алмайды. Егер шенеунік немесе саясаткер журналистер жалған ақпарат таратты, өздеріне жала жапты деп санайтын болса, олардың бар жасайтыны - жұрт алдына шығып мәлімдеме жасау, соны түсіндіру ғана.

- Ал сіз, олардың ішкі корпоративтік журналистік қарым-қатынасы өте мықты екенін білетін шығарсыз. Егер журналист өтірік жазатын болса, фактілерді бұрмаласа, онда сол журналист ешқашан да беделді басылымда жұмыс істемек түгілі, оның маңына да жолай алмайды. АҚШ журналистерінде осындай үрей қашанда бар. Ал Қазақстанда бұның жұмыс істейтініне кепілдік бар ма? Мен де дәл осындай кепілдің Америкада бар екеніне әбден сенімдімін.

- Енді бұл журналистикаға ғана қатысты мәселе емес, бізді репутация (абырой, бедел) деген ұғымның өзі жоқ. Сондықтан да Қазақстанда қателесе беруге болатын шығар. Дегенмен, жаза баспайтын жан жоқ, ал сол үшін түрмеге тоғыта беруге де болмайды...

- Келісемін. Журналистердің жұмысын қылмыссыздандыру қажет. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

- Мынаны түсінуге тиіспіз, сіз журналистердің кәсіби абыройы, беделі жоқ демекшісіз бе, алайда бұл басқа салаларда да жоқ қой. Мәселен, жемқорлықпен түрмеге отырып шыққандар, кейіннен дәл осы сыбайлас жемқорлықпен күресетін қоғамдық ұйымды да басқара береді.

- Ендеше, осы мәселені көтермей, қоғамның өзі осыны өздігінен реттей алмай тұрғанда, онда заң арқылы реттеу керек емес пе? Егер сіз осы норманы алып тастайық деп табандап тұрсаңыз - біз асықпай мұқият талқылайық.

- Мен дәл қазір сұхбаттасып отырмын, мынаны алып тастайық, ананы қалдырайық деп айтқым келмейді.

- Дегенмен, сіз өз сұрақтарыңызбен осыған әкеле жатырсыз ғой? Солай емес пе?

- Өйткені, сіз қоғамдық орта мен қарапайым кәсібилік арқылы өздігінен реттелетін мәселені заңмен ретке келтіргіңіз келеді.

- Жақсы, ал осы өздігінен реттелуі үшін қанша жыл күтуіміз керек?

- Егер 25 жыл бұрын елімізге сөз бостандығы берілген болса, онда біздің бүгінгі қоғам да мейлінше салауатты болатын еді.

- Сіз тағы да бізде сөз бостандығы жоқ дегіңіз келетін секілді. Алайда бұл олай емес.

- Ал сіз Қазақстанда сөз бостандығы бар дегіңіз келеді ме?

- Менің қазір айтқалы отырғанымды тақырыпқа шығаратыныңызды түсінемін. Дегенмен, сөз бостандығы, пікір бостандығы Қазақстанда бар, әрі сіз бұны жақсы білесіз.

- Қалай ойлайсыз, мемлекеттік телеарналар қазақстандық қоғамда бүгінгі күннің нақты жағдайын, пікірлер алуандығын шынайы көрсете ме? Халықтың қаражатына күн көріп отырған телеарналар көрермен алдындағы борышын атқарып жатыр ма?

- Әрине! Ал сіз не айтқыңыз келеді?

- Мен цензура туралы.

- Оны қайдан көрдіңіз? Министр, оның орынбасары, комитет төрағалары эфирге шығатын материалдарды отырып алып қарап шығады деп отырсыз ба? Бұл мүмкін емес қой. Онымен әрбір редакция өзі айналысады.

- Цензура жүйелі түрде жүреді. Бір кездері тіпті мемлекеттік арналар Президент әкімшілігінде мәтінді салыстырып отыратын. Қазір, бәлкім ондай емес те шығар, алайда біздегі цензура жүйелі. Егер журналист оппозицияның митингісі туралы бұрыс материал жасаса, редактор осыны жіберетін болса - оларды жұмыстан шығарады, болды. Бұндай жағдай болды.

- 10-15 жыл бойы Хабар арнасында істеген, Ресейде, Ұлыбританияда тілші болған журналист туралы әлгі оқиғаны білетін шығарсыз. Тілшілік пунктті жабу туралы әкімшілік шешім қабылданғанда, ол журналист қыздың аяқ астынан «көзі ашылып», сөз бостандығы жоқ, Қазақстанда бұдан әрі жұмыс істеу мүмкін еместігі есіне түсе кетті. Негізі оған осында жұмысты жалғастыру туралы ұсыныс жасалған болатын. Бұл күлкіні келтіреді. Журналист он жыл бойы Лондонда тұрып келді, ешқандай ләм-мим деген жоқ, ал енді келісімшарт уақыты таяғанда ол аяқ астынан цензура туралы әңгіме айта бастады.

- Мен бұндай мысалды талқылап, дауласқым келмейді. Дегенмен, сізден нақты естігім келеді, біздің телеарналарда цензура жоқ деп есептейсіз бе?

- Жүйелі цензура деген жоқ. Мемлекеттік ақпараттық тапсырма деген ұғым бар екенін еске сала кетейін. Мемлекеттік тұрғыдан алып қарағанда жариялауға қажетті тақырыптар бар. Кейде мұндайлар көп болып кетуі де мүмкін. Біз денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарлама, индустрияландырудың мемлекеттік бағдарламасы туралы айтқымыз келеді. Біз мемлекеттен келетін ақпараттар ағынын теңдестіру бойынша жұмыс істейтін боламыз. Ал қалғанының бәрі - редакцияның еркінде.

- Дегенмен, мемлекеттік газеттер мен телеарналардың жасап жатқанына сіздің көңіліңіз толады ғой...

- Жалпылама алғанда иә...

- Онда несіне қобалжисыз? Биліктің ақпараттық ресурсы үлкен, қуатты. Ал сіз қайдағы бір блогерлерден қорқып, алаңдайсыз.

- Біз қорқып отырған жоқпыз. Біз тек бұдан да тиімді әрі жүйелі жұмыс істегіміз келеді. Блогерлердің жекелеген постарын тым ауыр қабылдайтындар бар шығар. Алайда, менің ойымша, олардың басым бөлігінің әсері туралы артық айтылып жатыр. Жеке менің пікіріме келсек, ең бастысы, біз «дұрыс ел» болуға тиіспіз деп санаймын. Бұл туралы мысалы, әлемдегі мемлекеттік брендинг саласының жетекші маманы Саймон Анхольт та айтқан болатын. Дегенмен, мені шынымен абыржытатын мәселелер де баршылық. Сіз білесіз бе, Қазақстанда мемлекеттік квота арқылы жүрекке мыңдаған операциялар жасалады, туберкулезбен ауыратындардың саны жартысынан астамға қысқарды, ана мен бала өлімі де төмендеп келеді. 12,5 мың шақырымнан асатын оптикалық-талшықты супермагистраль салынды. Алайда егер сіз әлеуметтік желідегі талқылауларға үңілсеңіз, онда біздің еліміздің жағдайы құрдымға кетіп бара жатқандай әсерде боласыз. Келеңсіздіктер етек жайғандай.

- Алайда сіз күн сайын Хабар арқылы позитивтер туралы айтасыз ғой.

- Бұл жаман ба?

- Бір жағынан өзіңіз қажетті түймешені басудың орнына әлеуметтік желіде қыңқылдайтындарға ренжисіз. Сонда қалай, оларды Интернетте цензурамен байлап ұстамақшысыз ба?

- Егер біз ұдайы кім не айтады, кім не ойлайды деп алаңдай берсек, мемлекетіміз дамымайды. Саяси ерік деген ұғым бар. Бұған біздің Президент нағыз үлгі бола алады. Елбасының «алдымен экономика, содан кейін саясат» ұстанымы біздің мемлекеттігіміздің негізін берік қалауға жағдай жасады. Біз азаматтардың пікірін мүлдем ескермейміз деп айтып отырған жоқпыз. Алайда Интернет дәуірінде қоғамдық пікірталастың ерекшеліктерін де ескеру қажет. Онда эмоциялар басым да, керісінше рационализм кемшіл. Мәселен, 70-ші жылдары «үндемеу шиыршығы» атты психологиялық термин пайда болды - адамдар басым көпшіліктің ойымен үйлеспейтін пікір айтуға қорқатын. Әлеуметтік желі пайда болғалы бұл феномен одан сайын күшейді. Әлеуметтік желінің қазақстандық сегментінде қудалау, жекелеген адамдардың жаппай обструкциялануы қалай жиілеп кеткенін қараңыз. Мұнда әңгіме цензура туралы болып отырған жоқ, әңгіме өзін-өзі реттеу турасында болып отыр.

- Дегенмен, ішіңізде әлеуметтік желіге деген реніш бар секілді. Білесіз бе, мен сізді түсінемін, менің өзімнің де олардан көңілім қалады, көптеген хайтерлер бар, ақымақтық, бос көпірмелер де қаншама, алайда жақсы жағы да аз емес.

- Ешқандай да реніш жоқ. Біз барлық затқа объективті қараймыз. Сонымен қоса, халыққа ақпарат жеткізуде ең тамаша құрал - Интернет. Оны жоққа шығара да алмаймыз, мемлекет мұны пайдалануы керек.

- Дегенмен, неге адамдар жақсы дүниелерді көрмейді деп есептейсіз? Мен мәселен, сізді Фэйсбукте оқып тұрамын, келмей жатып 7 мыңнан астам оқырман жинап та үлгердіңіз. Ал менің Фэйсбукте отырғаныма бірнеше жыл болса да, оқырмандарым 9 мыңнан әрең асты. Сізге лайк басушылар да аз емес, баспасөз парағындағы мәтінге қарағанда шабыттана жазбасаңыз да, 200-300 лайк міндетті түрде басылады. Бәлкім негативті реакцияға сіздің өзіңіз шырмалып қалған шығарсыз?

- Мен жазарманның барлығы жағымсыз дүниелерді ғана жазып жатыр деген жоқпын. Позитивті жаңалықтар жазатын адамдар да көп, бір-біріне лайк басып жатады, лебіз білдіріп, қалдырады, сәттілік тілеп жатқандары қаншама. Біз уақыт талабынан қалмауымыз керек. Атап айтқанда, блогерлерді тіркеу мәселесіне келейік. Шындығында да біз осындай мүмкіндікті ұсынып отырмыз. Алайда, бұл әркімнің өзі еркіне байланысты процесс болуы керек. Сын-пікірлермен біз әлі де жұмыс істейміз. Бұны не үшін істемекпіз? Мәселен, өзекті саяси тақырыпта жазатын блогер бар делік, оның фолловері 100 мың. Қазір мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында біз таралымы 20 мың болатын кейбір республикалық газеттермен де жұмыс істейміз. Осы тұрғыдан алғанда, кіммен жұмыс істеуге тиімді болатынын қайта қарау мәселесі көңілге қонады емес пе?! Біз міне дәл осыны жасағымыз келеді. Алайда, бұл үшін де белгілі бір құқықтық, заңнамалық шешімдер, қадамдар қажет.

- Яғни, сіз блогерлердің ерікті түрде тіркеуден өтіп, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс үшін сізден қаражат алғанын қалайсыз ба? Ал бұндағы тұзақты білесіз бе? Блогерге миллион теңге мемлекеттік тапсырыс берілгеннен бастап, оның оқырмандар саны да азаяды.

- Бұл әңгімеге бір жылдан кейін оралайық. Мен сізге осы норма күшіне енгеннен кейінгі бір жыл өткен соң оның қорытындысы туралы сұхбат беруге уәде беремін. Сіз сонда түсінесіз, ал қазір кейбіреулерді адамдарды артығымен дәріптеп отырсыз. Блогерлердің барлығын бірдей масса ретінде қабылдауға болмайды, бұл олай емес.

- Блогосфера - бұл қандай да бір шекті формат дегенді білмейтін, тіпті редакторлық цензура да жоқ ерекше орта, ал сіз блогерлерді осындай табиғи ортадан айырғыңыз келетін секілді.

- Біз ешкімнің де бостандығын шектеп, басқа біреулерге басымдық бергелі отырған жоқпыз. Біз ең бірінші кезекте ақпарат жеткізудің тиімділігіне қараймыз. Бұл біз барлық ақшаны алып, оны блогерлерге бере саламыз деген сөз емес. Дегенмен, тұтастай редакцияның қызметіне қарағанда бір ғана адамның мейлінше тиімді болатын тұстары да баршылық. Біз осыны пайдалануға тиіспіз. Мемлекеттік ақпарат алаңын тек мемлекеттік БАҚ-пен тарылта беруге де болмайды. Сондықтан да, біз таргеттеу деп аталатын жолмен жүріп барамыз, өйткені, бізде халыққа, халықтың әртүрлі жігіне, жасына жеткізгіміз келетін пайдалы әрі қызықты ақпараттар баршылық. Соның бірін мәселен, жастар үшін, бәлкім блогерлер арқылы ұсынған жөн болатын шығар. Немесе вайнерлер арқылы берейік! Мемлекет бұл тұрғыдан сіресіп қалмауы шарт.

- Ол үшін блогерлерді тіркеудің не қажеті бар?

- Себебі біз статусы жоқ адаммен қандай да бір шарттық қарым-қатынас жасай алмаймыз.

- Тіркелуді қаламаған адам өз бетінше жұмыс істей ме?

- Әрине. Бірақ, құқықтық шеңберде ғана.

- Ал блогер мемлекетпен шарт жасасқаны туралы хабарлауға міндетті ме?

- Мұның бәрі талқыланатын, жетілдірілетін ұсақ-түйектер. Менің ойымша, мұндай мәселелерді блогердің өзі шешуі тиіс.

- Бәрібір су бетіне шығарады ғой.

- Құдай үшін. Қазір де кейбір блогерлер өз материалдары арқылы табыс тауып жүр, мұны сіз жақсы түсінесіз.

- Ашып айтып өтсеңіз?

- Мәселен, қандай да бір фирма өзін жарнамалағанын, тіпті бәсекелестеріне қарсы жұмыс істегенін қалайды. Бұл блогерлердің шарттық қарым-қатынасы ғой. Неге оларға мемлекетпен бірігіп жұмыс істемеске? Иә, ондай да бар, бірақ жарнаманың қағидасы - өзіңді мақта, бақталасыңа сөз тигізбе. Жалпы, қара пиарға бет түзеуге болмайды, мемлекеттің көздегені де бұл емес. Қара пиарға ұрыну жалған хабарға ұшырау секілді өте ұят, бұл өзін-өзі қадірлейтін кез келген БАҚ-тың ұстанымы және бұл үшін тұтас заң қабылдаудың қажеті жоқ. Біз мұны талқылауға шығардық. Қолдаған немесе қарсы болған барлық пікірлер ескеріледі. Мұның бәрі журналистерге қарсы шығу үшін емес, олардың пайдасы үшін жасалып жатыр.

- БАҚ-қа қатысты кез келген жаңа заң журналистердің мүддесі үшін деп түсіндіреді. Журналистерді талай қудалады, қызмет өрісін тарылтты, бірақ ой мен сөз үнемі еркіндікке ұмтылып, қоршауды бұзып-жарып шығатыны - өмірдің заңы, табиғаттың заңы солай. Сол кезде тағы да жаңа заң ойлап табатын.

- Біз қазір медиаорталықтың жиырмасыншы қабатында отырмыз. Қазір сағат кешкі 8 және мен сізге сұхбат беріп отырмын. Сіз заманауи ғимаратта ақпарат министріне қалаған сұрағыңызды қойып отырсыз. Мен де сіздің барлық сұрағыңызға жауап беріп отырмын - жауап бермеуге еш хақым жоқ. Ал сіз қысым туралы шағымданып отырсыз.

- Бірақ сіз басқаратын министрлік жер дауына қатысты митингтерден кейін құрылған жоқ па?

- Иә, бізде қабылданатын шараларды түсіндіруде қиындықтар бар екені белгілі болған соң, Мемлекет басшысы осындай шешім қабылдады. Сондықтан, біз барынша қолайлы, қолжетімді болуға тырысып жатырмыз. Сонымен бірге, қазір орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға арналған бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынас жөніндегі жаңа қағидалар жазылуда. Олар барынша ашық болуы тиіс. Бүгінде Үкіметтің барлық отырысы онлайн трансляцияланады. Қандай да бір шешімді үкіметтік деңгейде қабылдамастан бұрын, ол кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестер немесе қоғамдық тыңдаулар арқылы мақұлдаудан өтеді. Парламентте барлық жұмыс топтарына, комитеттерге, лездеменің өзіне рұқсат бар. Бізде ақпаратқа қолжетімділік туралы заң бар, соның негізінде «Ашық үкімет» порталы құрылды. Онда заң жобаларын, бюджеттік бағдарламаларды талқылауға тікелей қатысуға болады, түрлі деңгейдегі шенеуніктерге сұрақ қойып, салалардың дамуы туралы барлық қажетті мәліметті алу мүмкіндігі бар. Біздің министрліктің қызметі де осыған саяды - ашықтық және мемлекеттік саясатты түсіндіру.

- Сонда да әлеуметтік желілер разы емес. Қоғамдағы мұндай нигилизм неден пайда болды деп ойлайсыз? Халыққа келгенде жолы болмайтын үкімет туралы анекдот бар ғой.

- Жоқ, біздің халық лайықты, абыройлы. Мен мемлекет тарапынан халықпен байланысқа көбірек көңіл бөлу туралы айтып отырмын.

- Қазақстан «корпорациясындағы» пиар департаментінің директоры ретінде сізге жүктелген міндет өте ауыр. Жүйелі нәрселер өзгермесе де, барлығын жақсы күйде көрсетуіңіз керек. Қоғамдық қатынастарды жақсартқыңыз келеді, алайда азаматтық сектор жоспарлы түрде қыспаққа алынады, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеу жылдан-жылға қиындап барады, олар салық мекемесінен басқа ешкімге есеп бермейді. Жақында үкіметтік емес ұйымның директоры Ирина Медниковаға шабуыл жасалды.

- Кім? Мемлекет пе?

- Ол Атырауда өтетін Жаскэмп жастар конференциясына ұшар кезде шабуылға ұшырап, тоналған және ақшасы төленіп қойған ғимарат иелері, соңғы сәтте шараны өткізуден бас тартқан. Мен мұндай кездейсоқтықтарға сенбеймін.

- Бұл әрине расталмаған пікір, мұндай мәселелерде фактілерге сүйенген жөн.

- Неге Жас Отан өз конференцияларына ғимарат табады, ал Жаскэмп таба алмайды?

- Бұл жайында мен ештеңе айта алмаймын. Бірақ, қандай да бір тікелей байланысты көріп тұрған жоқпын. Қитұрқы әрекеттердің бәрі бірдей маған мәлім емес. Меніңше, дәл осындай мәселелер үшін арнайы құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне жүгінген жөн. Олардың міндеті азаматтық қоғамның дамуына жәрдемдесу.

- Журналистерге көмектескісі келеді, блогерлерге көмектескісі келеді, ҮЕҰ мен бизнеске көмектескісі келеді... Бәлкім, мемлекетке осылардың бәрін жайына қалдыру керек шығар? Мемлекеттің азаматтарға жасаған ең үлкен жақсылығы - оларға дамыл беру шығар?

- Сіздің сөзіңізді комментарийсіз қалдырайын. Бірақ, бүгінде барлық салалардың бірте-бірте мемлекет меншігінен шығарылып жатқанын атап өткім келеді.

- Ал менің ойымша, біздің қоғамда мемлекеттің кіріспейтін жері жоқ, онсыз алға баса алмас үшін тағы да бас сұға түскісі келеді.

- Келіспеймін. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру қаншалықты қуатты түрде жүзеге асып жатқанын көріп отырсыз. Мемлекет болып жатқан жағдайды ескереді. Кеше банкті құтқару қажет болды, тағы сондай жәйттерде мемлекет көмекке келді. Сол кезде мемлекеттік қаражат пен меншікті реттейтін ұлттық холдинг - «Самұрық Қазына» құрылды. Қазір «Самұрық» нысандарын жекешелендіру үрдісі жүріп жатыр. Әр сала бойынша комиссия бар, тұтастай кәсіпорындарды бизнеске қайтаруда. Мемлекет алдағы уақытта кіріспейтін болады. Ол бүгінгі трендтерге қарап, ертеңгі, одан арғы күнгі трендтерді болжап бағамдағысы келеді.

- Болжам қандай? Ертең, арғы күні не күтіп тұр?

- Президент атап өткендей, алда мүлдем жаңа заман күтіп тұр, біз жаңа жағдайда өмір сүріп үйренеміз. Көмірсутегіне, металға баға төмендеп кетті. Сондықтан шағын және орта бизнесті дамытып, салық базасын ұлғайтып, әртараптандыруымыз қажет.

- Рухани бірлікті нығайту ма? Сіз өткен аптада министрлік алқасында рухани бірлікті нығайту қажет дедіңіз. Рухани бірлік деген не өзі, 2014 жылы Путин айтқан бағдарламаны қайталап керегі не?

- Сіз айтып отырған Путиннің бағдарламасының барлық егжей-тегжейін біле бермеймін. Владимир Владимирович руханилық ұғымының қандай да бір ерекше түрін біледі деп ойламаймын. Мен адамдарды біріктіру мағынасында айттым. Қазақстанда бейбітшілік, халықтардың достығы басты құндылық саналады.

- Ұлттық брендке қажеттілік қайдан туындады?

- Әңгіме елдің қандай да бір нышанын өңдеу жайында ғана. Бұл Қазақстанды шетелде таныту үшін ғана емес, қазақстандықтардың өздері үшін де аса маңызды. Ұлттық бренд елдің экономика, білім беру, барлық салаларындағы шынайы жетістіктерімен үндесуі тиіс. Жүріп жатқан жағдайлармен үйлеспейтін бренд құруға болмайды. Байқау өткізу идеясының өзін кейбірі сынға алып жатқанын білемін. Алматының осыған ұқсас тәжірибесін еске түсіріңізші. Оларды жабықтығы, халықпен байланысы жоқтығы үшін айыптады. Осы жағдайды ескеріп, барынша ашық конкурс өткіздік. Бірақ сыннан қашып құтылмадық, бұл жолы жұмысты кәсіби мамандарға сеніп тапсырғысы келмеді.

- Дауыс беру барысын бақыладыңыз ба, кім жеңеді?

- Әзірге қараған жоқпын. Тағы қайталап айтамын, дауыс беру - екінші кезең. Әлі осы массадан үздік жұмысты таңдайтын кәсібилер деңгейінде финал болады.

- Қазақстандықтар несімен таңқалдыруда?

- Жұмыстарды қарап, қатысушылардың қиял әлемінің ұшқырлығына таңғалдым. Идея өте көп. Сарапшылардың ендігі міндеті осының бәрін біріктіріп, ортақ түйінін табу. Шетелде бұл Қазақстанның логотипі болады. Біздің министрлік осы кезеңде өз міндетін орындап қойды деп айтқым келмейді. Біз халықтық байқау ұйымдастыруымыз қажет. Дауыс беріп, осының барлығын іріктеп-таңдайтын комиссияға ұсынуымыз қажет. Комиссия құрамын финалға жақын қалған кезде жариялаймыз. Бәрі ашық түрде өтеді.

- Қазақстан ел ішінде де, сыртта да мұнай, сыбайлас жемқорлық, Борат, тоқал... деген ұғымдар шеңберінен шыға алмай жүргені өкінішті. Осыншама таптаурын дүниелерді бір нышан арқылы өзгертуге болады деп ойлайсыз ба?

- Бұл сіздің субъективті пікіріңіз. Мен Қазақстанды Астанамен байланыстырамын. Терезеге қарашы - Астана, ар жақта жазық дала, одан әрі таулар, бүркіт, туған ауыл, мектеп, отбасы. Мүмкін сіз сияқты қабылдайтындар да бар шығар. Сіз тек теріс жағын көресіз.

- Сұрақ біздің өмірімізді, адамдардың көңіл-күйін білдіретін мәселе жайында.

- Әркімнің өмірге деген көзқарасы әртүрлі. Оған оң мысалдар да жетерлік. Біздің министрлік мемлекеттік қызмет көрсету саласына да жетекшілік етеді. ХҚКО - бұл мемлекеттің сыбайлас жемқорлықпен күресінің жүйелі шешімі емес пе? Құжат әзірлейтін орган мен адамның тікелей байланысы жоқ. Барлық үдеріс автоматтандырылған. Бұрын төлқұжат алу үшін адамдар қаншалықты күш жұмсағаны да әлі күнге есімізде. Басқа мысал: мемлекет қазір шектелген сериялы ерекше нөмірлерді сатуды іске қосуда. Бұрын өзінің қызметтік жағдайын теріс пайдаланған жағдайларға да бұл жүйелі тәсіл болатын. Осының барлығы сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күрес дер едім. Мен сыбайлас жемқорлықты еңсеруді төменгі жақтан бастау қажеттігіне сенемін, тарихта жоғары жақта сыбайлас жемқорлық болса, төменде ол жоқ деген мысал жоқ. Сыбайлас жемқорлық не бар, не жоқ, онымен не күресіп жатыр не күреспейді деген тікелей түсінік бар дегенге сенбеймін. Қазақстанда сыбайлас жемқорлық бар - оны барлығы біледі, шенеуніктерге қатысты орын алған үрдістер онымен күрестің жүріп жатқандығын да көрсетеді. Сіздер маңызды бір нәрсені түсінулеріңіз қажет. Мемлекет сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке қауіп ретінде қабылдайды, таниды. Мемлекет бірінші кезекте, сыбайлас жемқорлықтың түп-тамырын жоюға мүдделі. Бұған тағы бір мысал жүз қадам, ұлт жоспары. Мемлекет басшысы түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін түсіне отырып, халықаралық қаржы орталығы судьяларының жартысы шетелдіктер болатынын хабарлады. Британдық құқық әрекет етеді. Бұл өте мықты қадам.

- Бұл біздің егеменді соттың мығым еместігін көрсетеді. Егер өз сотымызға сенбесек, қайдан алға жылжимыз? Неге арқа сүйейміз? Бұл негізгі іргетасымыз емес пе?

- Әңгіме біздің соттың қауқарсыздығында емес, шетел капиталына, инвестордың британдық судьяға сенімі жайында. Бұл сенім жоғары екенін мойындауымыз қажет.

- Халықтың сот жүйесіне сенім артпауы қорқынышты емес пе? Меніңше бір жағдай бола қалса, бетін әрі, ағылшын судьясының алдында тұрсам, ең қорқыныштысы сол сияқты.

- Адамдар сенбейді деп ойламаймын. Егер тағы да «100 қадамға» келсек, сот реформасы үрдісті аудиожазбаға жазғанға дейін - мықты жолға қойылған. Мұның барлығы ашық әрі әділетсіздікке жол бермеуге негізделген. Азаматтардың сенімін күшейтуге арналған. Президент адамзат алдына үш міндет қойды - ол бейбітшілікті, рухани құндылықты сақтап, табиғатты қорғау. Егер өзің бағана қозғаған рухани бірлікті - бейбітшілікті сақтап, табиғатты қорғасақ, шешілмейтін түйін жоқ. Бірақ бұл күнделікті тер төгуді қажет ететін үлкен жұмыс екенін түсінуіміз қажет.

- Сіз Президенттің баспасөз хатшысы, кеңесшісі болдыңыз, Елбасының журналистерге көзқарасы жайлы айтып берсеңіз? Президент кеңес уақытында мақала жазып, басы пәлеге қала жаздағанын айтқан болатын, осы жағдай біздің мамандыққа деген аяушылық сезімін тудырмады ма екен?

- Меніңше, мұны аяушылықтан гөрі, бұл кәсіптің қаншалықты маңызды екенін түсіну десе дұрыс болатын сияқты. Солай екенін Президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы ретінде толық сеніммен айта аламын. Мұны президенттік пул құрамында жұмыс істегенде өзіңіз де сезген боларсыз. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы журналистермен әңгімелесуге үнемі ашық. Әр шарадан кейін олармен жүздесуге тырысады.

- Нұрсұлтан Назарбаевтің сүйікті газетін атасаңыз?

- Елбасы көп газеттер оқиды. Өзінің міндетті түрде қарайтын белгілі бір газеттері бар және ол тұрақты толығып отырады. Сіздер БАҚ - Президент үшін мемлекеттік органдардың жинағы сияқты қандай да бір ресми арналардан бөлек басты ақпарат көздерінің бірі екенін түсінулеріңіз қажет. Ол газеттерден оқыған материалдардың негізінде тапсырмалар да береді. Мен өзім де сондай тапсырмалар алып тұрдым.

- Теледидар көре ме? Хабар? Қазақстан? КТК?

- Әрине, көреді. Бірінші кезекте жаңалықтар, Хабарды да, Қазақстанды да, басқа арналарды да көреді. Білетінім, Президент жаңалықтарды ғана емес, басқа да бағдарламаларды қарайды. Кәдімгі қалыпты адамдар сияқты спорт, музыка, кино көреді.

- Президент интернет қарай ма? Сайттарды оқи ма?

- Әрине, қарайды. Негізгі сайттарды тұрақты қарап отырады. Президент жан-жақты тұлға екенін айтып өткенмін. Ол бір ақпарат көзіне қадалып қалмайды.

- Елбасының сүйікті блогері кім?

- Мұндай мүмкіндіктер туып жатса, оны Елбасының өзінен сұрау керек сияқты

- Сонда да?

- Айдан Кәрібжанов... қалжыңдаймын.