Трамптың президенттігі жанжалдан басталды. Шындығында, бұған ешкім таң қалмайды. Себебі оның бір жарым жылдық сайлауалды үгіт-насихат науқаны дау-жанжал мен айтыс-тартысқа, шағымдар мен кикілжіңге толы болатын. Ал оның төрткүл әлемді шулатқан уәделерінің өзі неге тұрады? Трамп өзінің сол уәделерінің бірін орындаймын деп, АҚШ-тың құдайы көршісі Мексикамен арада дипломатиялық жанжал тудырды.
Америка – енді бұрынғы Америка емес
Иә, АҚШ президенті Дональд Трамп билікті өз қолына алысымен, сайлауалды уәделерін орындауға кірісті. Осыдан бір жыл бұрын ол «Мексикамен арадағы шекарада дуал тұрғызып, заңсыз мигранттар ағынын тоқтату керек» деп мәлімдеме жасағанда, оның бұл ойын жүзеге асыратын күн туатынына ешкім сенбеген. Ал оның «АҚШ-қа мұсылмандарды кіргізбеу керек» деген сөзі Американың өз ішінде ғана емес, Ұлыбритания мен Германияда, басқа еуропалық елдерде наразылық тудырған. Бірақ бүгінде президент Трамптың айы оңынан туып, айтқаны болып тұр.
Өткен жұма күні Дональд Трамп миграциялық саясат туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жарлыққа сәйкес, сириялық босқындарды қабылдауға тыйым салынып, ал басқа елдерден келетін босқындарды АҚШ аумағына кіргізу 120 күнге дейін тоқтатылды.
Дональд Трамп осылайша «радикалды мұсылман террористерін» ел аумағына кіргізбеуге ниетті екенін жариялады.
АҚШ-тың босқындарға құшақ жайып отырмағаны онсыз да белгілі еді. Былтыр, яғни Барак Обама президенттігінің соңғы жылында АҚШ 10 000-дай сириялық босқынды қабылдаған болатын. Салыстыру үшін айталық, халқының саны әлдеқайда аз Канада былтыр 35 000 сириялықты паналатты.
Сонымен, Трамптың бұл жарлығы сириялық босқындардың Америкаға келу үмітін біржола кесті.
Жалпы, 2017 жылы АҚШ 50 мыңдай босқынды қабылдауы тиіс, бірақ Трамп бұл бағдарламаны орындауды төрт айға шегеріп отыр. Бұған қоса, Ақ үй діни сенім-нанымы бойынша қудаланған босқындарды қабылдайтынын ашық айтты. Бірақ олардың мұсылман еместер екені анық сияқты. Себебі жергілікті христиандық телеарнаға берген сұхбатында Ақ үй басшысы «сириялық христиандарға көмек қолын созу керектігін» айтқан.
Бұған қоса, АҚШ-қа жеті мемлекеттің – Судан, Йемен, Ливия, Сомали, Ирак, Иран және Сирия азаматтарына 90 күнге дейін АҚШ аумағына кіруіне уақытша шектеу қойылды.
Ақ үйден таратылған мәлімдемеде президенттің бұл жарлығы ең әуелі АҚШ-тың ұлттық мүддесін көздейтіні ашық айтылған.
Дональд Трамптың өзі: «Бұл тыйым барлық мұсылмандарға қарсы бағытталмаған» десе де, аталған елдердің тұрғын халқының көпшілігі мұсылман екені белгілі. Сондықтан оның «Мұсылмандарды АҚШ аумағына кіргізбеу керек» деген ұранын жүзеге асыруға кіріскені түсінікті.
Сонымен қатар, АҚШ-қа виза алуға өтініш білдіргендер енді міндетті түрде әңгімелеу сынағынан өтетін болады. АҚШ-қа сапарлатып келген басқа мемлекеттер азаматтарын бақылауды оңайлату үшін биометрикалық жүйені енгізуді тездетуге пәрмен етілді.
Жарлық күшіне енісімен, аталған мемлекеттердің азаматтарына ұшаққа билет сату бірден тоқтатылған. Тіпті америкалық визасы бар азаматтардың өзін шекарадан жібермей жатқаны туралы хабарлар түсіп жатыр. Трамптың жарлығы «жасыл картасы» бар, яғни тұрғылықты тұруға рұқсаты бар азаматтардың өзін елден шығаруға түрткі болуда. Жер-жердегі әуе компаниялары АҚШ-қа бет алған ирактық, ирандық, яғни, аталмыш жеті мемлекеттің азаматтарын жолдан тоқтатып, траптан түсіріп алып қалып жатыр.
АҚШ президенті қабылдаған бұл шешімдердің салдары қандай болары белгісіз. Әсіресе, мораторий жарияланған мемлекеттердің ешқайсысы қарымта «жауап» қайтарған жоқ. Тек Ирак парламенті ел басшылығын Вашигтонға қарсы әрекет етуге үндеген еді. Бірақ осы аптада Ирак мемлекеті АҚШ президентінің бұл шешіміне қарсы ешқандай әрекет жасамайтынын мәлімдеді. Ирак премьер-министрі Хайдер әл-Абади «ДАИШ» экстремистік ұйымымен күресте Вашингтонмен тізе қосып бірге қимылдауды жөн көретінін айтқан. Ол: «Біз түрлі шешімдер қарастырып жатырмыз, бірақ ұлттық мүддеге қайшы әрекет етуден сақ болуымыз керек», – деді.
Бұл жарлық америкалық құқық қорғаушылары мен сарапшылардың қынжылысын туғызды. Тіпті, президент жарлығының заңсыз екенін жариялап, оны сотқа бергендер бар.
«Мексика дуалдың қажеттігіне сенбейді»
Дональд Трамп сайлауалды науқаны кезінде мексикалықтарды «есірткі тасымалдаушылар», «зорлық жасаушылар» деп атағаны есімізде. Бірақ кейін ол сөзіне абай болуға үйрене бастады, былтыр күзде Мексика президентімен кездескен кезде мексикалықтарды «еңбекқор, тамаша халық» деп тамсанғаны бар.
Әйтсе де, 25 қаңтарда Дональд Трамп АҚШ пен Мексика арасында дуал соғу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл аз болғандай, ол бұл қабырға құрылысының бар шығынын Мексика өз мойнына алуы тиіс деп санайды. Жаңадан сайланған президент Мексикамен арада тұрғызылатын дуалға америкалық салық төлеушілердің ақшасы жұмсалмайды деп уәде еткен болатын.
Бұл жарлыққа қол қойған күнді Трамп «өте маңызды күн» деп атады. «Бұл – біздің ұлттық қауіпсіздігіміз үшін атаулы күн. Басқасын былай қойғанда, біз дуал тұрғызамыз», – деді ол.
Трамптың ойынша, дуал Оңтүстік Америкадан келетін заңсыз мигранттар мен есірткі тасымалына тосқауыл болады. Бұған қоса, шекараны күзету үшін қосымша он мың жұмыс орны ашылатыны белгілі болды.
ABC телеарнасына берген сұхбаты барысында Дональд Трамп: «Мексика дуалдың құрылысын 100 пайыз мойнына алады», – деді нық сеніммен.
АҚШ билігі 1991 жылдан бері Мексикамен арада металдан құрастырылған қабырға тұрғыза бастаған, бірақ бұл қабырға шекараның үштен бірін ғана бойлап жатыр.
«Трамп дуалы» аталған жоба бойынша, екі елдің арасына тұрғызылатын жаңа қабырғаның ұзындығы орта есеппен 3200 шақырымға жетеді. Ал оның құрылысына шамамен 12 миллиард доллар керек. Бірақ сарапшылардың есебіне жүгінсек, бұл дуалды тұрғызу шығыны 25 миллиард доллардан асуы ғажап емес.
АҚШ президентінің жарлығы жария болысымен, Мексика президенті Энрике Пенья Ньето Вашингтонға жоспарланған ресми сапарынан бас тартты.
Мексика басшылығы бұл дуалды салуға қаржы бөлмейтінін айтумен келеді. Мексика президенті «Мексика дуалдың қажеттілігіне сенбейді», – деді. Ол өз халқына Мексика бұл дуалдың құрылысына бір песо жұмсамайтынын айтып, уәде берген.
Ал Дональд Трамп «Твиттердегі» парақшасында: «Егер Мексика өте қажетті қабырғаны тұрғызуға қаржы жұмсағысы келмесе, онда алдағы кездесуді кейінге қалдырған жөн», – деп жазды.
Бұдан соң Ақ үй басшылығы Мексикадан келетін тауарларға импорттық салықты ұлғайтуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. АҚШ президенті бұл мәселені Конгресс мүшелерімен ақылдасып, салықтан түсетін ақшаны дуал құрылысына жұмсау туралы ойын ортаға салған. Осылайша, Трамп «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» деп, тізеге басудан тайсалмайды.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Шон Спайсердің айтуынша, 20 пайыздық импорттық салық Америка қазынасына жылына 10 миллиард доллар түсім әкеледі. Ал қазіргі таңда «Мексикадан тасымалданатын тауарларға еш салық салынбайды», – деді ол.
Бірақ кейбір америкалық сенаторлардың айтуынша, мексикалық тауарларға импорттық салық енгізу түптің түбінде америкалық тұтынушыларға зардабын тигізеді. Себебі Мексика өз тарапынан қарымта ретінде америкалық тауарларға салық енгізуі мүмкін.
Бұған дейін Мексика президенті Энрике Пенья Ньето соңғы он жылда АҚШ-қа заңсыз мигранттар саны біршама азайғанын мәлімдеген болатын. Ал әлеуметтанушылар соңғы екі-үш жылда АҚШ аумағына келген Мексика азаматтарынан гөрі бұл елді тастап шыққан мексикалықтар саны көп екенін хабарлайды.
Осы аптада Берлиннің бургомистрі Михаэль Мюллер Дональд Трампты дуал тұрғызудан бас тартуға шақырды. Бургомистр «мұндай шешім миллиондаған адамның тағдырын ойран етуі мүмкін» деп мәлімдеген. «Біз, берлиндіктер, тұтас континентті екіге бөлудің қандай зардап әкелерін өте жақсы білеміз» деген бургомистр тарихтағы Берлин қабырғасын еске салды. Бірақ АҚШ президенті мұндай ескертулерге құлақ асатын ыңғай танытпайды.
АҚШ Конгресі Мексикамен арада салынатын қабырғаның құрылысын қаржыландыруды әлі мақұлдаған жоқ. Егер бұл жоба іске асатын болса, «Трамп дуалы» әлі талай дауға себеп болары анық.
«Ресеймен қарым-қатынасымыз тамаша болады»
Трамптың сайлауалды уәделерінің бірі – Ресеймен қарым-қатынасты жақсарту болатын. Айтса айтқандай, былтыр қараша айындағы сайлаудан соң бір аптадан кейін Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. 28 қаңтарда екі президент тағы да телефон арқылы әңгімелесті. Ресми дереккөздер олардың «ДАИШ» террористік ұйымымен күрес жайын және Сирия тағдырын талқылағанын айтады. Бір сағаттық әңгіме барысында бұдан басқа халықаралық мәселелер мен екіжақты байланыс сөз болғаны түсінікті. Осыдан соң АҚШ пен Ресей президенттері алдағы үш-төрт айда кездесуі мүмкін екені жайлы сыбыс тарады. Екі президент бір-бірімен жүздес те, таныс та емес екендіктерін айтқанымен, бұған дейін бір-біріне сырттай мақтау айтып, қолдау білдіріп жүргені жасырын емес. Трамп жақында ғана Ресейге қарата: «Біздің қарым-қатынасымыз тамаша болады деп үміттенемін» деген болатын.
Путинмен сөйлесердің алдында Трамп Ангела Меркельмен телефон арқылы хабарласқан. Германия канцлерімен сұхбат 45 минутқа созылған көрінеді.
Кешегі аптада Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэймен кездескен АҚШ президенті: «Ресейге қарсы қабылданған санкциялардың күшін жоюға әлі ерте», – деді. Вашингтонға арнайы сапармен барған Мэй ханым Ақ үй басшысын Ресейге қарсы экономикалық құрсауды босатпауға үгіттеген көрінеді.
Трамптың тағы қандай уәдесі бар?
Трамп өзіне дейінгі президенттің кезінде қабылданған заңдардың 70 пайызының күшін жоюға уәде берген. Оның ішінде, халықаралық келісім-шарттар мен «Obamacare» деп аталып кеткен денсаулық сақтау саласының реформасы бар.
Президенттігінің алғашқы күндерінің өзінде Дональд Трамп Транс-Тынық мұхиты серіктестігі туралы келісімнің және Медициналық сақтандыруды қамтамасыз ету туралы бағдарламаның күшін жоятын жарлыққа қол қойды.
Сондай-ақ Обама мұрындық болған климаттық өзгерістердің салдарын жоюға және жасыл энергетиканы дамытуға қатысты құжаттардың да күресінге тасталатыны белгілі болды. Осылайша, Дональд Трамп өзіне дейінгі президент Обаманың сегіз жылдық жұмысын жоққа шығарып жатыр.
Осы күндері Трамп АҚШ, Канада және Мексика арасында 1994 жылы жасалған Солтүстік Америка еркін сауда туралы келісімді қайта қарауға байланысты келіссөздерді бастап кетті. «Ең әуелі АҚШ!» деп ұрандатқан Ақ үй басшысы бұл келісімнен бас тартуы мүмкін екенін жасырмайды.
Оның тағы бір уәдесі НАТО-мен қарым-қатынасты қайта қарауға қатысты болатын. Әзірге Трамп бұл мәселе бойынша нақты ұстанымын жариялаған жоқ. Ұлыбритания премьер-министрімен кездесу барысында НАТО-мен әріптестіктің одан әрі жалғасатынын ғана айтты. Мэй ханым болса, «АҚШ президенті НАТО-ны 100 пайыз қолдайды» деп мәлімдеді.
Тағы бір маңызды мәселе – Трамп АҚШ-тың ядролық қуатын арттыра түсу керек деп санайды. Қазіргі таңда АҚШ пен Ресейдің ядролық қуаты жер бетіндегі ядролық арсеналдың 90 пайызын құрайтыны мәлім. Бұл екі елдің иелігіндегі ядролық қару бірін-бірі бірнеше мәрте жоюға жетеді. Соған қарамастан, Дональд Трамп әскери шығындарды ұлғайтуға, ядролық арсеналды одан әрі арттыруға бейіл. Ол «Твиттердегі» парақшасында: «АҚШ өзінің ядролық қабілетін күшейтіп, одан әрі арттыра түсу керек. Барша әлем бұл қаруға деген көзқарасын өзгерткенше солай болуы тиіс» деп жазған еді. Бұл да Обаманың ұстанған саясатына қайшы. Ақ үйдің қазіргі басшысы болса, ядролық қаруды террористік ұйымдарға қарсы қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Осындайда, Хиллари Клинтонның Дональд Трамп туралы: «Оған ядролық чемоданды ұстатуға болмайды» деген сөзі еске түседі еріксіз…
Гүлбиғаш Омар, "Түркістан" газеті