16 қар, 2021 сағат 18:00

Дәрігерлерге пранк жасаған танымал вайнердің әрекеті тексеріліп жатыр


Алматы полициясы танымал вайнер Мейіржан Төребаевтың медицина қызметкерлеріне жасаған пранкты тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы қалалық прокуратура мәлім етті. 

«Қазіргі уақытта вайнер түсірілген видео бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі. Тексерудің соңғы нәтижелері туралы ақпаратты полициядан алуға болады», - деп хабарлады ведомствадан

Еске салайық, 19 күні Вайнер Мейіржан Төребаев Instagram-дағы парақшасында дәрігерлерге пранк жасаған видеосын жариялады. 

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бейнежазбадағы медицина қызметкерлері №4 қалалық емханада жұмыс істейді.

Емхана басшылығы құзырлы органдарға әкімшілік жауапкершілік шарасын қолдану туралы өтініш жібергендерін айтқан болатын. 

Себебі адамдардың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың медицина қызметкерінің кәсіби қызметіне араласуына тыйым салады.