02 там, 2020 сағат 03:37

Дәрігерлер көмегімен бүкіл отбасымызбен науқастан жазылып шықтық - Қармақшы тұрғыны

«Дәрігерлер - бүгінгі күннің батырлары деуге әбден лайық. Медицина мамандары өз денсаулығына қауіп төніп тұрғанына қарамастан халықтың денсаулығы үшін күресіп келеді». Бұл - Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұрғыны, зейнеткер Тамара Ешманованың жүрекжарды лебізі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, алдымен жолдасы, баласы мен келіні сырқатқа шалдығып, ауруханада ем алған. Өзі үйде 10 күндей ауырып жүрген. 

«Асқа тәбетім болмай, шайды ғана талғажау етіп жүрдім. Соның салдарынан ағзамда әлсіреу басталды. Оған қоса аяқ-қолым да ұйып, әбден мазам қашты. Тынысым тарылып, қалыпты денсаулығым өзгеше күйге түсті. Ауру әбден маза бермегеннен кейін дәрігерлер көмегіне жүгінуді жөн көрдім. Үйге келген жедел жәрдем дәрігерлері мені ауруханаға алып кетті. Екі медицина маманы алдымен алғашқы медициналық көмек көрсетті. Содан кейін инфекциялық бөлімдегі жансақтау бөліміне жатқызуға шешім қабылдады. Аталған бөлім меңгерушісі Әділбек Мәліков, терапевт-дәрігерлер Динара Жүсіпова, Алтынай Жүсіпова мен Наурыз Қозанов, медбикелер әр науқасқа тыным таппай көмек көрсетті. Білікті мамандар 4-5 сағат ішінде денсаулығымды қалпына келтірді. Содан кейін палатаға ауыстырды. Бас дәрігер Бақытжан Нысанбаев ұдайы бөлімде емделіп жатқан науқастардың жағдайын сұрап-біліп жүрді», - дейді Тамара Ешманова. 

Ол кісі осы уақытқа дейін ақ халатты абзал жандардың еңбегі елеусіз қалып жүргенін тілге тиек етті. Қазір олар өз денсаулығына қарамастан ауырғандардың амандығы үшін күресіп жүр. 

«Антына адал дәрігерлерді бүгінгі күннің нағыз батырлары десек, әбден жарасады. Бақытжан Нысанбаев басқаратын аурухана ұжымына айтар алғысымыз шексіз. Сол дертіңе шипа танытқан мамандардың арқасында ауыр індетті жеңіп шықтым. Олар қызмет барысында ем-домнан бөлек, психологиялық тұрғыдан зор көмек көрсетіп, өмірге деген құлшынысымызды арттырды. Бүгінде отбасымыз түгелдей жазылып, үйімізге аман-есен оралдық. Бұл сынақтан да аман-есен өтерімізге сенім мол», - деді Тамара Ешманова.