Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды емдеген дәрігерлер азаматтық ауруханада саясаткердің денсаулығына диагностика жүргізілгенін хабарлады. Олар адвокаттар арқылы медициналық қорытынды мен анализ нәтижелеріне қол жеткізген. Дәрігерлер Навальныйдан аштықты дереу тоқтатуды сұрап отыр. Олардың мәлімдемесі "Медиазона" сайтында жарияланды, саясаткерге жұма күні табысталады, деп хабарлайды Азаттық.
Үндеуге қол қойған дәрігерлердің сөзіне арағанда, диагностика 20 сәуірде жүргізілген. Оппозиционерді Владимир облысының бас неврологы, нейрохирург, штаттан тыс бас нефрологы қараған. Навальныйға тәуелсіз дәрігерлер тобының өтінішіне сай диагностика жүргізілген.
"Біздің басты мақсатымыз – пациенттің өмірі мен денсаулығын сақтап қалу. Егер аштық тағы жалғасса, өкінішке қарай жақын арада одан айырылып қалуымыз мүмкін" делінген үндеуде. Оған бес дәрігер қол қойған.
Навальный өзіне тәуелсіз дәрігерлерді жіберуді талап етіп, 31 наурыздан бері аштық ұстап жатыр. Оның алдында саясаткер белінің ауыратынына, аяғының ұйитынына және түрмеде қажетті дәрежеде медициналық көмек көрсетпейтініне шағымданған. ФСИН саясаткерге ойдағыдай көмек көрсетіп жатқанын хабарлаған. Навальныйдың омыртқа дискінен "грыжа" табылған.
Үндеуде Навальныйдың дәрігерлері өздерін пациентке жіберуді сұрап, Владимирдегі дәрігерлер консилиумына қатысу саясаткерге көмек болар еді деп өтініш айтқан. Бірақ дәрігерлер өтініштің орындала қоятынына да сенбейді.
21 сәуірде Ресей қалаларында оппозиционерді қолдау акциялары өтіп, наразылар тәуелсіз дәрігерлерді Навальныйға кіргізуді талап еткен. Шамамен 1700-ден астам адам ұсталған.
Бейсенбі күні Навальный Instagram-да мәлімдеме жариялап, наразылыққа қатысқандарға алғыс айтты. "Кеше сіздер менімен бірге шықтыңыздар, ал бүгін төсекте жатып, сіздермен бірге кетіп бара жатқанымды елестетіп қиялдаймын" деп жазды. Оның ауруханадан түрмеге ауыстырылғаны-ауыстырылмағаны белгісіз.