12 жел, 2019 сағат 11:09

Дариға Назарбаева астық бірлестіктерінің өкілдерімен кездесті

Сенатта Дариға Назарбаева астық бірлестіктерінің өкілдерімен жұмыс бабындағы кездесу өткізді. Бұл жөнінде Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап "Ұлт ақпарат" хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауға дайындық аясында фермер одақтары мен агроөнеркәсіп кешені өнімдерін өндірушілер қауымдастықтарының басшыларымен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді.

11 желтоқсанда астық бірлестіктерінің өкілдерімен кездесу болды. Оған ауыл шаруашылығы өндірушілері тарапынан «Қазақстан астық одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Н.Оспанов, осы мекеменің атқарушы директоры Ш.Бадыхан, Қазақстанның астық өңдеушілер одағының президенті Е.Ган және одақтың директорлар кеңесінің мүшесі Д.Тәукебаев қатысты.

Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Р.Әкімов, Б.Еламанов, М.Жұмағазиев, А.Нұралиев, М.Тағымов және Ә.Құртаев қатысты.

Кездесуде сөз алған «Қазақстан астық одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Нұрлан Оспанов елдегі астық өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беретін негізгі себептерге тоқтала келіп: ауыл шаруашылығы өндірушілері шығындардың бір бөлігі бойынша мемлекет тарапынан өтемақыларды қажет ететінін, сондай-ақ агротехнологиялар мен тұқымдық материалды жақсарту қажет екенін жеткізді.

Өсімдіктерді қорғайтын көнерген құралдар туралы да айтылды.

«Бізде алқаптардың ластану деңгейі өте жоғары. Егін алқаптарының ластығы 30 пайызға дейін өнімді жояды. Егер өсімдіктерді қорғау құралдарын қолданбайтын болсақ сапалы өнім ала алмаймыз. Бүгінгі күні біздің тізілім 90-шы жылдардан бастап енген дәрі-дәрмектердер тұрады. Жаңа дәрілер уақыт өткен сайын аз тіркелуде», - деді Н.Оспанов.

Қазақстанның астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ганның айтуынша, экспорттаушыларды қолдау жүйесінің жоқтығы нарыққа қатысушылардың көбіне зардабын тигізіп отыр.

«Қазақстан тұтынудан артық ұн экспорттайтын жалғыз ел болуына қарамастан, шикізат экспорттаушылар әлі күнге дейін көптеген қиындықтарға тап болуда. Мәселен, қосымша құн салығын қайтару мәселесі өте өткір болып отыр, өйткені тәуекелдерді басқару жүйесі кез келген деңгейде тексеру жүргізе алады», - деді ол.

Кездесуге қатысушылар отандық ауыл шаруашылығы техникасын жинау және оны кәдеге жарату алымы, сондай-ақ тарифтік шектеулерді, ұлттық компаниялардың сатып алу саясатының сапасы мен демпингке қарсы баж мәселелерін де қозғады.

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева кездесуді қорытындылай келіп, астық саласын дамыту жөніндегі ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің ұсыныстарын 2020 жылға жоспарланған парламенттік тыңдауларға дайындау үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне жіберуді өтінді.