15 қар, 2019 сағат 19:01

Дариға Назарбаева Арменияның Президентімен кездесті

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Арменияның Президенті Армен Саркисянмен кездесті. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу Дариға Назарбаеваның Арменияға ресми сапары аясында өтті.

Әңгіме барысында туризмді, ақпараттық технологияларды, көлік-логистика әлеуеті және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелері қозғалды.

Сенат төрағасы ЕАЭО елдері кәсіпкерлері мен инвесторларының Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына ашылатын мүмкіндіктеріне ерекше назар аудара келіп, армян кәсіпкерлерін «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен IT-стартаптардың «Astana Hub» халықаралық технопаркінің жұмысына шақырды.

Президент Армен Саркисян өз кезегінде Сенат төрағасының екі ел кәсіпкерлерінің өзара іс-қимылын кеңейту жөніндегі ұсынысына қолдау білдірді және бүгінгі таңда Қазақстан мен Армения ынтымақтастық әлеуеті толық көлемде пайдаланбай келе жатқанына тоқталды. Президенттің айтуынша, кем дегенде әріптестіктің бірнеше бағытына серпін беруге мүмкіндік бар. Ол тамақ қауіпсіздігін (тамақ өнімдерін өңдеу және тасымалдау), қаржыны басқару және бірлескен мәдени шараларды қамтиды.

 

Тараптар Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары бойынша бірлескен жұмыс топтарын құруға уағдаласты.