Үкіметтің қаулысымен Данияр Қадыров ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Данияр Қадыров 1975 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1999 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары департаментінің жетекші маманы қызметінен бастаған. 2000-2004 жылдары - ҚР Мәдениет министрлігінің құрылымында түрлі лауазымдар атқарған.
2004-2005 жылдары - ҚР БҒМ Жастар саясаты департаменті директорының орынбасары; жастар және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы. 2005-2007 жылдары - Степногорск қаласы әкімінің орынбасары.
2007 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің сектор меңгерушісі болды. 2007-2013 жылдары - ҚР Моңғолиядағы елшілігінің кеңесші-уәкілі. 2013-2015 жылдары - ҚР Түрікменстандағы елшілігінің кеңесші-уәкілі.
2015-2019 жылдары - "ҚР телерадио хабарларын тарату операторларының қауымдастығы" ЗТБ атқарушы директоры. 2019 жылдан бастап қазірге дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
679 рет оқылды