16 жел, 2016 сағат 10:07

Данияр Елеусінов: Тәуелсіздік тойы мерейімді тіптен асырып жіберді

- Батыс Қазақстанда дүниеге келіп, Елордада ержеткен Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов ел тәуелсіздігімен түйдей құрдас спортшылардың бірі.

Осы 25 жылда ол Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі (Мексика, 2008 ж.), Қазақстан жастар ойынының чемпионы (2009 ж.), ҚР чемпионы (2010 ж.), Гуанчжоудағы Азия ойындарының чемпионы (2010 ж.), олимпиадалық квалификациялық құрлықаралық турнирдің жеңімпазы (2012), ҚР-2012 Кубогының жеңімпазы, (2016 ж.) Рио Олимпиадасының «Алтын медаль» иегері атанып үлгерді.

Спорттағы ең ірі жеңісіне биыл Риода өткен Олимпиада ойындарында қол жеткізді. Бұл оның тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына жасаған ең үлкен тартуы десек  артық айтқанымыз емес. Бүгін сайтымызға сұхбат берген боксшы Елеусінов тәуелсіздіктің құрдасы екеніне мақтанатынын айтып, ағынан ақтарылды.

- Бүгін тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толды. Тәуелсіздіктің құрдасы бұл күнді қалай қарсы алып жатыр?

- Тәуелсіздік күні - еліміздің ең ұлық мерекесі. Ең әуелі жерлестерімді осы мерекемен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз ұзағынан болып, еліміз көркейе берсін. Ел болып 25 жылдығымызды атап өтіп жатырмыз. Бұл - үлкен қуаныш. Мен де елмен бірге шаттанып, елмен бірге қуанып жатырмын. Қуанышты көппен бірге бөліскенге не жетсін.

- Тәуелсіздіктің құрдасы әрі Олимпиада чемпионы ретінде көптеген мемлекеттік іс-шараларға шақырту алып, жиі қатысып жатырсыз. Бұл сіз үшін үлкен мақтаныш болар?

- Әрине! Үлкен мақтаныш. Соңғы кездері көптеген ірі мемлекеттік іс-шараларға қатыстым. Соның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан бірқатар шараларда да болдым. Мен үшін бұдан асқан қуаныш жоқ.

-  Тәуелсіздіктің құрдасы екеніңізді қаншалық мақтан етесіз?

- Тілмен айтып жеткізе алмайтын шығармын. Биыл Олимпиада жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тура келгені мен үшін үлкен абырой болды. 25 жасымда 25 жылдығымызға «Алтын» жүлде сыйлағанымды мақтан етемін. Егер осы тәуелсіздігіміз болмаса, бұл деңгейге жете аларма едік, кім білсін. Осының барлығы тәуелсіздігіміздің арқасы. Сондықтан ел тәуелсіздік алып жатқан қиын-қыстау заманда дүниеге келіп, елмен бірге есейген, елмен бірге еңсемді тіктеген ұлдың бірімін. Сол үшін өзімді әрқашан бақытты сезінемін.

- Олимпиадаға аттанарда Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында чемпион болам деген ой болды ма?

- Мен Олимпиадаға аттанар алдында алдыма екі түрлі мақсат қойдым. Бірі - 69 келі баяғыдан қазақтың салмағы. Сөзсіз бұл дәстүрді бұзбау керек деп ойладым. Екіншісі - биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. 25 жасымда 25 жылдық мерекемізге қалайда жүлде сыйлауым керек деген мақсат қойдым. Дегеніме жеттім. Енді елдің ықыласына бөленіп жатырмын.

- Айқай жиырма бес жасың мәңгі жадыңда қалатын болар?

- Мен 25 жасымда Олимпиаданы бағындырғаным мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өткенімізді мәңгі есімнен шығармайтыным анық. Тәуелсіздік тойы мерейімді тіптен асырып жіберді. Бұрындары да көптеген жарыстарда әлем, Азия ойындары сияқты додаларда топ жардым. Ол кездері де ел-жұртым үлкен қуанышпен күтіп алатын. Бірақ, Олимпиада шыңын армандап жүрген едім. Бұл биікті де биыл бағындырдым. Бұл мені бұрынғыдан да танымал етті. Соның арқасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойларына арнайы қонақ болып шақырылып жатырмын.

- Олимпиада шыңын бағындыруға қанша жылыңды арнадың?

- Әлі есімде, 2000 жылы Сидней олимпиадасында Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов ағаларымыз чемпион болды. Мен сол жылы ес біліп қалған кезім еді. Көгілдір экраннан арқаларына көк байрағымызды жамылып, ринг ішін айналып жүгіргенін көріп, болашақта мен де осындай чемпион болам деп армандадым. Міне, бұл арман 16 жыл дегенде әрең ұстатты.

- Чемпион болған сәтіңіз есіңізде ме?

- Бәрі есімде. Ондай тарихи сәт есімнен қалай кетсін. Тіпті, жанкүйерлерімнің «Данияр, Данияр» деген айғайы құлағымда әлі де тұрғандай болып сезіледі.

- Енді қашан рингке ораласыз?

- Алла қаласа, жаңа жылдан кейін ораламын. Өздеріңіз білесіздер, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне ұлттық құрама біраз уақытқа демалыс берген. Биылғы Қазақстан біріншілігіне де сол үшін қатысқан жоқпыз. Енді жаңа жылдан кейін жаттығуға қайта кірісеміз.

ҚазАқпарат