26 сәу, 2019 сағат 15:14

Дания Еспаева мемлекеттік тіл емтиханын тапсырды

ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшесі Сейіт Қасқабасов аталмыш лауазымға үміткер Дания Еспаеваның емтихан нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дания Еспаеваның кандидатурасын «Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған болатын.

«Үміткер Дания Мәдиқызы Еспаева бірінші тапсырмада «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбын таңдап алды. Бұл - жазбаша жұмыс. Екінші кезеңде Мұқағали Мақатаевтың «Аманат» кітабын таңдап алды. Үшінші тапсырма бойынша берілген тақырыпқа 15 минут сөз сөйлеуі керек. Мұнда үміткерге «Қоғам және демократия» тақырыбы берілді», - деді Сейіт Қасқабасов Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.

Лингвистикалық комиссия үміткер жұмыстарын жан-жақты талқылап, төмендегідей қорытындыға келді.

«Үміткер емтиханға берілген өз уақытын толық пайдаланды. Жазбаша жұмысында Дания Еспаева тақырыпты жақсы меңгерген, сауатты, терең талдау жасаған. Екінші тапсырма бойынша, ол М. Мақатаевтың екі өлеңін оқыды. Қазақ тілінің нормасына сай сөздерді анық айтып, ойын жеткізе білді. Үшінші тапсырма бойынша «Қоғам және демократия» тақырыбында 15 минут сөйледі. Өзін саяси жағынан танытып, қоғамның хал-ахуалын жақсы білетінін көрсетті. Біздің сұрақтарымызға жауап берді. Комиссия мүшелері дауыс бере келе, «Дания Мәдиқызы Еспаева  мемлекеттік тілді еркін меңгерген» деген қорытындыға келдік», - деді С. Қасқабасов.

Бұған дейін Дәурен Абаев Дания Еспаеваның сайлауға қатысуын «Қазақстан әйелдерінің үлкен жеңісі» деп бағалаған болатын.

Еске сала кетсек, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтеді. Осы уақытқа дейін ұсынылған кандидатуралар: «Nur Otan» партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан -  Дания Еспаева, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан - Сәдібек Түгел, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен - Амангелді Таспихов, Қазақстанның Коммунистік Халық партиясынан - Жамбыл Ахметбеков, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясынан -  Төлеутай Рахымбеков және «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан - Әміржан Қосанов.