16 жел, 2020 сағат 12:06

Даниал Ахметов: Карантин жеңілдетілгенімен, сақтық шараларын ұмытпауымыз керек

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов карантиндік шектеулер жеңілдетілгенімен, сақтық шараларын ұмытпау қажеттігін ескертті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жарты ай бойы біздің облыс карантиндік іс-шаралардың «сары аймағында» келеді. Соңғы он бес күнде төсек қорының қамтылу пайызы 14,5-тен 11,3% дейін төмендеді. Өңіріміздің әрбір тұрғынының азаматтық жауапкершілігі және кәсіпкерлердің санитарлық талаптарды сақтаудағы күш-жігері облыс аумағында тұрақты жағдайдың сақталуына зор үміт береді», - деп жазды Даниал Ахметов Facebook-парақшасында. 

Оның айтуынша, бүгінде ШҚО-да шағын және орта бизнес әдеттегі жұмыс қалпына қайта көшуде. Алдағы мереке күндері кәсіпкерлердің штаттық режимде жұмыс істеуіне де мүмкіндік беріліп отыр. 

«Осылайша, облыс аумағында орналасқан азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың сауда объектілеріне, яғни базарларға, сондай-ақ супер және гипермаркеттерге, сауда үйлеріне, сауда-ойын орталықтарына мереке күндері (16-19 желтоқсан аралығында) жұмыс істеуге рұқсат берілді. Әрине, барлық санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Демалыстан (жексенбіден) басқа күндері спорт нысандары, мұз айдындары, моншалар, бассейндер мен СПА-орталықтары алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ балаларды оңалту және білім беру орталықтары, мәдениет объектілері, кітапханалар, мұражайлар, бизнес-орталықтар және сұлулық салондары ШҚО Бас санитары міндетін атқарушының қаулысында белгіленген шектеулерге сәйкес қызметін жүзеге асырады», - деді аймақ басшысы. 

Даниал Ахметовтың сөзінше, дәрігерлер көп адам жиналуы ықтимал кез келген шарадан бас тартуды ұсынуда. Сондықтан қоғамдық тамақтану орындарында жаппай, отбасылық, ұжымдық мерекелер өткізуге рұқсат жоқ. 

«Сондай-ақ балалар ойын алаңдары мен аттракциондардың қызметіне тыйым салынды. Барлық кәсіпорындар әрбір қызмет саласы үшін белгіленген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Біздің басты міндетіміз – карантиндік шектеулер жеңілдетілгенмен сақтық шараларын ұмытпай, індеттің қайта өршуіне жол бермеу», - деді облыс әкімі.